United Cup турнирі: Елена Рыбакина бастаған Қазақстан құрамасы плей-офф кезеңіне шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Аустралияның Сидней және Перт қалаларында теннистен аралас командалық сында өтіп жатқан United Cup турнирінің С тобында Қазақстан құрамасы Грекияны тізе бүктірді.

Екінші ойында әлемнің 6-ракеткасы Елена Рыбакина мен дүниежүзілік рейтингіде 32-орында тұрған Мария Саккари шеберлік байқасты.
М.Саккари — кезінде әлемдік рейтингіде 3-сатыға дейін көтерілген теннисші.
Бірінші партияны Рыбакина брейкпен түйіндей алды — 6:4.
Екінші сетте Елена бірден брейк жасап, алға кетті — 2:0. Тағы бір брейк — 4:0. Дегенмен матчқа доп бергенде, Саккари брейк жасап кетті — 2:5. Бәрібір жеңіс Рыбакинаның еншісінде қалды — 6:3.
Бір сағат 23 минутқа созылған бәсеке барысында Е.Рыбакина 7 эйспен бірге 8 брейк-пойнттың үшеуін мүлтіксіз пайдаланды. М.Саккари 2 эйспен, 1 брейкпен (4 брейк-пойнт) шектелді.
Осылайша, Қазақстан — Грекия матчында Е.Рыбакина есепті 2:0-ге жеткізді.
Сөйтіп үшінші, жұптық бәсекенің керегі болмай қалды.

Қазақстан құрамасының капитаны тәжірибелі теннисші Александр Недовесов болса, Елена Рыбакинаның ойынын бапкері Горан Иванишевич те бақылап отырды.
Өз тобында Испания мен Грекияны жолдан тайдырған Қазақстан плей-офф кезеңіне жолдама алды. Қазақстандықтар жаңа жылдың алғашқы күні ширек финалда Е тобында (Қытай, Бразилия және өткен жылғы жеңімпаз Германия) 1-орын алған құрамамен ойнайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен United Cup турнирінде Александр Шевченконың әлемнің 11-ракеткасын жеңгенін жазған болатынбыз.