United Cup турнирі: Қазақстанның жартылай финалдағы қарсыласы анықталды
АСТАНА. KAZINFORM – Аустралияда теннистен өтіп жатқан United Cup турнирінде Қазақстанның жартылай финалдағы қарсыласы белгілі болды.

Қазақстандықтар 4 қаңтар күні Сиднейде Польша құрамасымен финал жолдамасын сарапқа салады.
Польша командасы ширек финалда Ұлыбританияны 3:0 есебімен тізе бүктірді.
Әлемнің бұрынғы бірінші, қазіргі 2-ракеткасы Ига Швентек рейтингіде 24-сатыдағы Кэти Бултерді 6:7 (4:7), 6:1, 6:4 есебімен жеңді.
Әлемнің 16-ракеткасы Хуберт Хуркач рейтингіде 125-сатыдағы Билли Харристен 7:6 (7:3), 7:5 есебімен басым түсті.
Сондай-ақ Майя Хвалинска – Ян Зелиньский жұбы Оливия Николлс - Чарльз Брумның меселін қайырды – 6:2, 7:6 (7:3).
Егер өзгеріс болмаса, жартылай финалда жекелей сында Елена Рыбакина Ига Швентекпен, Александр Шевченко Хуберт Хуркачпен ойнайды. Содан кейін жұптық бәсекеге кезек келеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын United Cup турнирінде Қазақстанның алғаш рет United Cup турнирінің жартылай финалына өткенін жазған болатынбыз.
Бұдан бөлек, Юлия Путинцева Брисбенде әлемнің 1-ракеткасына жол берді.