UnitedHealthcare бас директорын өлтірген күдікті террорист ретінде сотталады

АСТАНА. KAZINFORM - 26 жастағы Луиджи Манджонеге UnitedHealth Group басшысы Брайан Томпсонның өліміне қатысты «теракт жасады» деген айып тағылды, деп жазады Euronews.

UnitedHealthcare бас директорын өлтірген күдікті террорист ретінде сотталады
Фото: ТАСС

Брайан Томпсон 4 желтоқсанда Манхэттенде атып өлтірілді. Тағылған 11 айыпта лаңкестік мақсатта қасақана кісі өлтіру, жазаны жеңілдететін жағдайда өлтіру, заңсыз қару сақтау, жалған құжат жасау және т.б. бар. Сот жас жігітті барлық бап бойынша кінәлі деп тапса, ол шартты түрде мерзімінен бұрын бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Билік Құрама Штаттардағы ең ірі медициналық сақтандыру компаниясының басшысы Томпсонды өлтіру мұқият жоспарланғанын айтады. Оны қамауға алу кезінде (Пенсильваниядағы McDonald's дүкенінде ұсталды) күдіктіден қолдан жасалған қару мен жалған құжаттар ғана емес, сонымен бірге одан «корпоративтік Америкаға дұшпандық» білдірген қолжазба манифесі де табылды.

– Бұл үрей тудыру, жұрт назарын аудару және қорқытуды көздеген қорқынышты, жақсы жоспарланған, мақсатты кісі өлтіру болды. Бұл біздің қаламыздың адам ең көп шоғырланған аудандарының бірінде болып, жергілікті тұрғындар мен туристер, жолаушылар мен кәсіпкерлердің қауіпсіздігіне қауіп төндірді, - дейді Манхэттен округінің прокуроры Элвин Брэгг.

Тергеу Манджоненің әрекетін оның денсаулық сақтау саласына көңілі толмауымен байланыстырады. Олардың айтуынша, 2023 жылдың ортасында Манджоне омыртқасына бұранда орнату арқылы операция жасауды қажет ететін арқа жарақатын алған.

Манджоне қазір Пенсильвания түрмесінде кепілсіз қамауда отыр. Манхэттен прокуроры қоғамның Манджонеге деген оң көзқарасын сынға алды. Шынында да, ол өзінің «батылдығы», «жүйемен күресуі» және «тартымдылығы» үшін көпшіліктің қолдауына ие болып, әлеуметтік желілерде танымал болды.