ҰОС ардагерлері мен зейнеткерлерге тегін медициналық көмек көрсетіледі

АСТАНА. 25 желтоқсан. ҚазАқпарат - «Партияның 50 тұлғасы» аясында жобаға қатысушы Мақсат Мендібаев ҰОС ардагерлері, тыл еңбеккерлері мен жалғызбасты зейнеткерлерге көмек көрсету мен оларды қамқорлыққа алуды көздейтін «Ардагерлерді ардақтайық» атты өз жобасын әзірледі. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясының сайтында хабарланды.
None
None

М. Мендібаевтың айтуынша, жоба аясында Ұлы Отан соғысының 15 ардагері қамқорлыққа алынып, оларға ҚР Президентінің Іс Басқармасының Медициналық орталығында тегін және тұрақты түрде медициналық тексеріс пен кеңес беру-диагностикалық көмек көрсетіледі. Өз бетінше жүре алмайтын ардагерлердің үйлеріне дәрігерлер өздері бармақ. Тыл еңбеккерлері, мүгедектігі бар 45 зейнеткер бастауыш партия ұйымдарының қадағалауына бекітіліп, оларға ай сайын әлеуметтік көмек көрсетіліп тұратын болды. Қазіргі таңда жоба аясында 60-қа тарта ардагер қамқорлыққа алынды.

«Алдағы уақытта мұнан да көп адамға көмек қолын созуды көздеудеміз. Сонымен қатар, осы игі бастаманы тек елордада емес, еліміздің өзге өңірлерінде жалғастыру жоспарда бар. Бүгінде бұл іс ҰОС ардагерлеріне бағытталған тұрақты әрі мағыналы шараға айналғаны маңызды. «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы арқылы ержүрек әрі батыр ардагерлерімізге тағзым ретінде кейінгі ұрпақтың санасында ауызбіршілік пен жауапкершілік сезімін оятуды мақсат тұттым», - деді М. Мендібаев.

Айта кетейік, жобаның жүзеге асырылу барысы туралы білгісі келетіндер арнайы сайтқа кіріп, онлайн режимінде жобаның жетекшісі мен оның қамқорлығындағы ардагерлер, мүгедектер, жалғызілікті зейнеткерлер жайлы біліп, қаласа өзі де көмек көрсете алады. Жобаны жүзеге асыруға жасотандықтар қатарынан еріктілер тартылып, олар ардагерлерді өз қамқорлығына алатын болады.

Партия халықтың нақты әрі түйткілді мәселелерін жүйелі түрде шешу мақсатында, сондай-ақ қоғамның белсенді бөлігін осындай жұмысқа жұмылдыру үшін «партияның 50 тұлғасы» атты ірі көлемді жобаны жүзеге асыруда. Партия қазақстандықтардың проблемалық мәселелерін шешуде нақты идеяларды ұсынатын нұротандықтарға қолдау білдіреді. Осылайша, партия талантты әрі бастамашыл жастардың өз идеяларын мемлекеттік органдарға жеткізуде түрлі қолдау жасай отырып, өзіндік «әлеуметтік жеделсатыға» айналуда.

Соңғы жаңалықтар