«Ұран» газетінің табылуы - тарих ғылымы мен баспасөзге қосылған елеулі үлес - БҚО
Бұл туралы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде 9 желтоқсан күні «Алаштың «Ұраны» және қазақ баспасөзі» атты дөңгелек үстел отырысында айтылды.
Университет ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, академик Асхат Иманғалиевтің атап өткеніндей, бұл тақырыпты тереңдетіп зерттеудің маңызы зор. Бұған барлық ЖОО-лар өз үлесін қоса алады.
«Ұран» газетін кітап қылып басып шығарған «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллиннің айтуынша, батыс өңіріндегі баспасөз тарихын зерттеуге байланысты жұмыстар жалғасатын болады. Әзірге тоғыз саны ғана қолға тиген «Ұранның» да қалған бөлігі іздестіріледі. «Ұран» - қазіргі облыстық «Орал өңірі» мен «Приуралье» газеттерінің бастауы, сондықтан бұл басылымдардың шыға бастаған уақыты да әріге жылжиды.
«Ұран» газетінің табылған нөмірлерін араб әліпбиінен кириллицаға аударып, жинақты құрастырған журналист Қазбек Құттымұратұлының сөзіне қарағанда, аталмыш басылымның шыққан уақыты туралы әр түрлі пікірлер бар. Мәселен, белгілі филолог-ғалым Диқан Қамзабекұлы газет 1917 жылы 14 мамырдан шыға бастаған деген дерек келтіреді. Ал газеттің табылған нөмірінде 1917 жылғы 28 шілдеден бастап жарық көрген деп жазулы тұр. Бұл жөнінде тарих ғылымдарының кандидаттары, М.Өтемісов атындағы БҚМУ доценті Жәнібек Исмурзин мен Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетінің доценті Бақтылы Боранбаева газеттің 1917 жылғы көктемде шыққандығы туралы дәлел-пікірлерін айтты. Не де болса, «Ұран» газетінің Ресейдегі 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін қазақ зиялыларының өз алдына тәуелсіз ел болсақ деген арман-мақсаттарынан туындағаны айдай анық. Ол және 1911-1913 жылдары Ордада жарық көріп тұрған «Қазақстан» газетінің заңды жалғасы. Бұған «Қазақстанды» шығарған Ғұмар Қараш, Ғабдолғазиз Мұсағалиев сынды Алаш арыстарының «Ұран» газетінің де бастауында тұрғаны толық дәлел бола алады. Қазақстандағы алғашқы баспахананың да осы газеттерге тиесілі екендігі айқындала түседі.
Отырыста сондай-ақ педагогика ғылымдарының докторы, М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың филология факультетінің деканы Абат Қыдыршаев, университет проректоры, тарих ғылымдарының докторы Әбілсейіт Мұқтар, Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетінің проректоры, филология ғылымдарының докторы Мұрат Сабыр және басқалары «Ұран» газетіндегі тың деректерді ғылыми айналымға, 12 жылдық білім беруге байланысты жазылып жатқан оқулықтарға енгізу, әр қыр-сыры бойынша ғылыми зерттеулер жүргізу керектігі туралы ұсыныс-пікірлерін білдірді. Сондай-ақ «Ұран» газетінің редакторы Ғабдолғазиз Мұсағалиев, өлке тарихын өмір бойы тірнектеп жинаған Мұстафа Ысмағұлов, Исатай Кенжәлиевтің мұраларын әлі де қарап, зерделеп, есімдерін мәңгі ел есінде қалдыру бағытында шаралар алу қажеттігі де сөз болды.