Уран, президент сайлауы, Қазақстанмен қарым-қатынас — Иран Елшісімен эксклюзив сұхбат

Посол Ирана в Казахстане
Коллаж: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Иранның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Али Акбар Джоукар агенттіктің тілшісіне берген сұхбатында Иранның неліктен қосымша уран центрифугасын орнатқаны, МАГАТЭ, Қазақстан және Батыспен қарым-қатынасы жайлы айтып берді.

— Али Акбар мырза, ең алдымен Президент Ибрахим Раисидің және тікұшақ бортында болған азаматтардың мерт болуына байланысты көңіл айтуға рұқсат етіңіз… 

— Президентіміздің қаза болуына орай көңіл айтқаныңызға шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Сізді және әріптесіңізді көргеніме қуаныштымын. Сонымен қатар көңіл айтқан Қазақстан халқына, Қазақстан Үкіметіне және жеке Президентке де барша Иран халқының және Елшіліктің атынан алғыс айтамын.

— Маусым айының басында Франция, Германия және Ұлыбритания МАГАТЭ-нің басқарушы кеңесіне Иранның ядролық күшеюін айыптаған қарарды ресми табыс еткен болатын. Еуроүштік қарар жобасында Иранды МАГАТЭ-мен ынтымақтасуға шақырып, мәлімделмеген иран нысандарында уран ізінің бар екендігін атап өтеді. МАГАТЭ баяндамасына қарағанда, Иран Фордодағы ядролық нысанда уранды байыту үшін қосымша центрифигуаны асығыс орнатып, өзге нысандарда да орната бастаған. Бұл МАГАТЭ қарарымен байланысты болды ма?

— Өзіңіз де бүкіл әлем тарихында Иранның МАГАТЭ-мен мұндай тығыз қарым-қатынаста болмағандығын жақсы білетін шығарсыз. МАГАТЭ делегациясы барған нысандарымызға жүргізілген инспекция статистикасы Иранның МАГАТЭ-мен ең жоғары деңгейде ынтымақтастықта болғанын көрсетеді. Иранның ядролық бағдарламасына қатысты батыстың 5 елімен арада ұзақ жылдарға созылған келіссөздердің нәтижесінде жан-жақты іс-қимыл жоспары — келісім жасалғанын білесіз. Ол Қауіпсіздік кеңесінің 2231-қарарында да көрініс тапқан. Осы қарардың нәтижесінде Батыс пен Иран арасындағы қарым-қатынас халықаралық қоғамдастықта Иранның ядролық бағдарламасына қатысты еш сұрақ жоқ деген ұйғарымға келген. АҚШ-та билік басына Трамп келгеннен кейін ел біржақты тәртіппен аталған келісімнен шығып кетті. Осыған қарамастан Иран МАГАТЭ-мен ынтымақтастығын еш уақытта тоқтатқан емес.

Иран жан-жақты іс-қимыл жоспарын жандандыру үшін көп күш жұмсады. Бірақ, Батыс тарапынан еш әрекет болған емес. Батыстың осы үш елінің іс-әрекетіне қарамастан Иран өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықты жақтап келеді әрі қандай да бір іс-шара қабылдайтын кезде оны МАГАТЭ-ге халықаралық қоғамдастыққа алдын ала мәлімдеп отырады. Мәселен, уранды пайыздық байыту жайында. Қазір кейбір елдер 9-10 жыл болған іске қайта оралып жүр.

Олар саяси қысым көрсету жолын іздейді әрі МАГАТЭ-ні саяси мақсатта қолданады. Қазіргі сәтте еуропалық үш мемлекет аталған техникалық органға әділетсіздік танытып отыр. Қазір бір мемлекеттің екінші мемлекетке қосарланған стандарты мәселесін қозғағым келіп отырған жоқ. Біз тек техникалық мәселелермен айналысатын аталған органның бізбен ынтымақтастықта болғанын қалаймыз.

Мұның үстіне аталған ұйымға біздің тарапымыздан наразылық пен сынның болуына қарамастан ынтымақтастықты жалғастырып келеміз. Бұл ұйымның бас директоры Иранға келді. Біз бұл органның саясиланбауын қалаймыз.

Сондықтан біз МАГАТЭ-де қандай да бір айыптаудың ығына жығылмайтындай өзіндік тетіктері жұмыс істейтіндей жасауымыз қажет. Негізінде Иран осы уақытқа дейін қол жеткізілген келісім негізінде шара қабылдауы тиіс. Егер АҚШ біржақты тәртіппен жан-жақты іс-қимыл жоспарынан шығып кетпегенде, еуропалық елдер де, батыс елдері де өз міндеттемелерін орындағанда мұндай жағдай болмас еді. Бірақ, олар өздерінің міндеттемесін орындаған жоқ.

Дегенмен, Иран барлық іс-әрекетін МАГАТЭ-ге алдын ал хабарлау арқылы іске асырып жатыр. Бұл маңызды тармақ — Иран әлі де болса МАГАТЭ аясында әрекет етеді.

— Қосымша центрифугалардың нақты саны қанша және олар қандай жерлерге орнатылады?

Посол Ирана
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

— Санын айта алмаймын. Өйткені, бұл саланың сарапшысы емеспін. Дегенмен, бізде МАГАТЭ аясында жұмыс істейтін ядролық нысандардың бар екенін білемін.

— Фордодағы жерасты зауытына қатысты жоспарларыңыз қандай?

— Жерасты нысандарына қатысты айтар болсам, мұның бәрі қауіпсіздік аясында жасалған. Егер есіңізде болса, жан-жақты келісім жасалғанға дейінгі 10 жылдың ішінде біз жыл сайын қатерге ұшырайтынбыз. Сонымен қатар арандатушылық әрекеттер болды. Ол жайында БАҚ жазды.

Жерасты нысандары — әскери емес, тек қана ғылыми нысандар. Олар Иранда да, Қазақстанда да, өзге де мемлекеттерде де бола алады. Дәл қазіргі уақыттағы «Иран жоспар аясынан тыс әрекет етіп отыр» деген ақпарат асыра сілтеушілік. Іс жүзінде келісімге қатысатын батыс елдерді өздерінің міндеттемелерін, аталған келісім аясындағы іс-әрекеттерін бұзып отыр. Тегеранда отын тұтынатын ғылыми реактор бар. Бізге отын беруін тоқтатқан кезде оны өзіміз өндіре бастадық.

Сондықтан да батыс елдерінің бұқаралық ақпарат құралдарындағы атмосфера ушығып тұр. Бірақ, біз энергетиканы бейбіт пайдалану тұрғысында мемлекеттің орынды құқығы тұрғысынан қарауымыз керек.

Атомды пайдалану үшін МАГАТЭ сынды ұйымның тетіктері айқындалған. Егер батыс елдері оны саяси мақсатта қолданбаса, онда көптеген ел ғылыми әлеуетін ядролық энергетиканы бейбіт мақсатта пайдалануға жұмсай алар еді.

— Уранды не үшін байытып жатырсыздар?

— Өзіңіз де білетіндей, ядролық энергетиканы бейбіт мақсатта барынша кеңінен ғылыми тұрғыдан қолдануға болады. Ол (энергетика) ауыл шаруашылығында, медицинада, өзге де көптеген салада қолданылады. Кейбір елдерде ядролық оқтұмсық болғанымен, олар оны бейбіт мақсатқа қолданатындықтарын алға тартып отыр. Біз МАГАТЭ-ге қатысушы ел екендігіміз белгілі, сондықтан оны қайда қолданатындығымыз да түсінікті. Ядролық энергетика, ауыл шаруашылығында, өндірісте кеңінен қолданылады. Қазіргі әлемде ядролық энергетиканы пайдалану мемлекеттің даму көрсеткіштерінің бірі саналады. Мәселен, осыдан 15 жыл бұрын өзге мемлекеттерден отын дайындау технологиясын сұрағанымызда ешқайсысы оны бермеді. Сондықтан уранды 5-тен 20 пайызға дейін байыту мүмкіндігін таптық.

Бір нәрсе айқын, Иран барлық уақытта МАГАТЭ, келісім және өзінің міндеттемесі аясында әрекет етеді.

Тағы қайталап айтамын, мен бұл саланың маманы емеспін. Бірақ, Иранда ядролық энергетиканы қолданатын ауыл шаруашылығы институтын, медицинада қолданылуын көрсеңіз онда өзіңіз-ақ оның қалай кеңінен кәдеге жарайтындығына куә боласыз.

Иранда обырға қарсы дәрілік зат өндірілетіндігін нық сеніммен айта аламын.

Бүгінде қауіпті аурулармен бетпе-бет келіп отырмыз. Егер бұрындары мұндай ауруларға байланысты өзге елдерге жүгінсек, ал қазіргі уақытта оны өзіміз-ақ шешіп, қауіпті ауруларды емдей аламыз.

— Иран байытылған уранды экспортқа шығара ма?

елші
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

— Жоқ, экспорттамайды. Бірақ, 5+1 келісімшартында уранның бір бөлігін экспортқа шығаруға қатысты келісім болған. Бірақ, әзірге мұндай әрекет болған емес. Өкінішке орай, батыс елдерінің әрекеті салдарынан бұл процесс тоқтап тұр.

— Жақын арада Иранда мерзімінен бұрын президенттік сайлау өтеді. Дайындық қалай жүріп жатыр?

— Тарихтан білесіз, Иранның бір ерекшелігі — кез келген уақытта, тіпті Садам Хусейннің Иранға қарсы басқыншылық соғысы болғанына да қарамастан, кез келген деңгейдегі сайлау ешқашан тоқтатылмаған. Өкінішке орай, биыл Президентіміз мерт болғаннан кейін сайлау жақын арада — маусым айының соңына мерзімінен бұрын тағайындалып отыр. Жоспар бойынша ол келесі жылы өтуі керек еді. Конституциямыз бен заңдарымызға сәйкес, Президент қайтыс болған/отставкаға кеткеннен кейін 50 күн ішінде келесі сайлауға дайындық жүргізіледі.

Сайлауға әртүрлі саяси пікірлестер мен топтар қатысады. Егер сіз Иранда болсаңыз, онда сайлауалды белсенділікті байқай алар едіңіз.

— Бұған дейін сіз Қазақстан Иранның сыртқы саясатындағы басым бағыт саналатындығын атап өткен едіңіз. Екіжақты ынтымақтастық қалай дамып келеді?

— Қазақстан біз үшін сыртқы саясаттағы басым бағыт саналатындығын және ынтымақтастықтың көптеген саласы бар екенін дұрыс байқадыңыз. Айта кету керек, біздің қарым-қатынасымыз географиялық себептермен байланысты, Каспий теңізінде көршіміз. Ғасырлар бойғы тарих та біріктіреді. Саяси деңгейде жоғары қарым-қатынас орната алдық, халықаралық аренада ынтымақтастық қарым-қатынасымыз да жақсы, ал президенттердің байланыс деңгейінде ынтымақтастық жоғары. Бірақ, өкінішке орай, экономикалық және сауда ынтымақтастығы деңгейінде біз өзімізде бар әлеует деңгейінде өзара іс-қимыл жасамаймыз. Халықтар мен академиялық сала (студенттік) деңгейінде қарым-қатынас ең төмен деңгейде. Бұл Қазақстанның Ирандағы Елшілігінің жауапкершілігін арттырады. Сондай-ақ сіздің көмегіңізбен, БАҚ көмегімен, жеке Kazinform агенттігінің көмегімен өзара қарым-қатынастың барлық деңгейінің өсуін қалаймыз.

Біз стратегиялық серіктестерміз. Сондықтан ынтымақтастық неғұрлым көп дамып, нығая түссе, біз үшін соғұрлым жақсы болады.

Қазіргі уақытта біз Президенттеріміз — Тоқаев мырза және өмірден озған Президентіміз өкім берген деңгейде әлі жұмыс істеп жатқан жоқпыз. Олар бізге өзара әрекеттестіктің өсуін арттыру үшін көптеген тапсырма берді.

Сондықтан біз — дипломаттар мен БАҚ қарым-қатынасты кеңейтуге бірге ұмтылуымыз керек. Сондай-ақ, Иранның президенті кім болса да, біздің сыртқы саясатымызда Қазақстан ерекше орын алатынын және Қазақстанмен қарым-қатынасты дамытуға әрқашан басымдық берілетінін атап өткен жөн.

Соңғы жаңалықтар