Үрімжіде Еуразиялық медиа-форум өтуде

Спикерлердің басты назары Ұлы Жібек жолын жандандыру барысында БАҚ-тың еуразия кеңістігіндегі әріптестігі тақырыбына аударылды. Тұңғыш рет өтіп отырған бұл медия-форум «Қытай-Еуропа» IV ЭКСПО шеңберінде «Жібек жолы экономикалық белдеуін бірлесе салу - БАҚ жауапкершілігі мен мүмкіндігі» тақырыбында өтіп жатыр .
ҚХР Мемкеңесінің баспасөз-кеңсесі директорының орынбасары Цуй Юйин өз сөзінде түрлі баспасөз турларын, бірлескен сұхбаттарды ұйымдастыру, ақпарат алмасу тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ, жаңа медианың мүмкіндіктерін кеңінен қолдану арқылы БАҚ жұмысын күшейте түсу қажеттігін атап өтті. Қытай маманының айтуынша, Үрімжідегі Еуразиялық медиа-форумды Жаңа Жібек жолы бойындағы бірыңғай коммуникациялық және гуманитарлық кеңістікті қалыптастыру алаңына айналдыру керек. «Қытайдың бұқаралық ақпарат құралдары Жібек жолы экономикалық белдеуінің бойында орналасқан елдердің БАҚ-тарымен ақпараттық әріптестікті жандандыруға және оны тереңдете түсуге мүдделі», - деді ол.
Айта кетейік, «Жібек жолы экономикалық белдеуі» - Қытайдың кең ауқымды геосаяси, геоэкономикалық және мәдени-гуманитарлық жобасы. Ол 3 млрд.-тай халқы бар 40 шақты елді қамтып отыр. Бұл бастаманы ҚХР төрағасы Си Цзиньпин 2013 жылы Қазақстанға жасаған ресми сапары кезінде көтерген болатын. Қытай тарапының пікірінше, Жаңа Жібек жолының бойында орналасқан елдер үшін екіжақты және көп жақты форматтарда өте тиімді әріптестік қарым-қатынас орнатуға толықтай негіз бар.