«ҮРКЕР-2025» ұлттық сыйлығына өтінімдер қабылдау басталды

АСТАНА. KAZINFORM — Баспа, радио және интернет-журналистика саласындағы «ҮРКЕР-2025» ұлттық сыйлығына өтінім қабылданады, деп хабарлайды Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.

Уркер 2024
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен өтетін байқауға медиаконтент өндіретін және тарататын республикалық, өңірлік радиостанциялар, баспа және интернет-басылымдар қатыса алады. 

— Өтінімдер 2025 жылғы 1-20 қазан аралығында қабылданады. Конкурстық жұмыстар 2024 жылғы 12 тамыз бен 2025 жылғы 30 қыркүйек аралығында республикалық немесе өңірлік баспа және интернет-басылымдарда жариялануы, не радиоэфирде шығуы тиіс. Әр үміткер байқаудың тек екі номинациясына ғана қатыса алады, — делінген ведомство хабарламасында.

Өтінімдер urker-awards.kz ресми сайтында 11 номинация бойынша қабылданады:

  • Жылдың үздік сұхбаты
  • Жылдың үздік репортажы
  • Әлеуметтік тақырыптағы үздік материал
  • Жылдың үздік журналистік зерттеуі
  • Жылдың үздік аналитикалық материалы
  • Радиостанциядағы үздік жоба
  • Жылдың үздік фотосуреті
  • Жылдың үздік жаңалықтар порталы
  • Жылдың үздік өңірлік БАҚ
  • Жылдың үздік подкасты
  • Жылдың үздік YouTube-арнасы

Айта кетейік, жұмыстарды беделді журналистер, саланың еңбек сіңірген қайраткерлері мен медиасарапшылардан құралған тәуелсіз қазылар алқасы бағалайды. Конкурс қорытындысы бойынша әр номинация жеңімпазына «ҮРКЕР — 2025» естелік мүсіншесі және 1 000 000 теңге көлемінде ақшалай сыйақы табысталады. «ҮРКЕР» ұлттық сыйлығы — баспа, радио және интернет-журналистика саласындағы үздік жетістіктер үшін беріледі. 

Бұдан бұрын «Үркер» ұлттық сыйлығының 2024 жылғы жеңімпаздары кімдер болғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар