Ұрланған активтерден 770 млрд теңге бюджетке қайтарылды - Бас прокурор

АСТАНА.KAZINFORM - Бас прокурор Берік Асылов кеше өткен құқық қорғау органдарының кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысына жасаған баяндамасынан үзінді жариялады.

Берик Асылов Берік Асылов
Фото: Kazinform

Бақылаушы орган жетекшісінің жазуынша, Қазақстан әділеттілікке, заң үстемдігіне және тәртіпке негізделген даму жолымен сенімді ілгерілеп келеді. Конституциялық өзгерістер прокуратураның құқық қорғау әлеуетін күшейтті. Құқық қорғау органдары жазалаушы тәсілден профилактика қағидатына көшті. Халық саны өсіп жатқанымен, елдегі қылмыс деңгейі төмендеуде. Бұл — барлық мемлекеттік органдар мен қоғамдық институттардың жүйелі әрі нәтижелі жұмысының нақты көрсеткіші.

- Соңғы жылдары қылмыс деңгейі 2 есеге төмендеді, адам өлтіру мен зорлау – 50%, бұзақылық – 70%, қарақшылық пен тонау – 80% азайды. Қылмыстық индекс бойынша Қазақстан бірнеше жылда әлемдік рейтингте 60 сатыға көтерілді. Бұл – тұрақтылықтың, реформалардың және мемлекетке деген сенімнің объективті көрінісі.

Елімізде «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасы бекітілді. Ол тек күштік құрылымдарға ғана емес, бүкіл қоғамға қатысты. Басты мақсаттар – құқық бұзушылықтарға нөлдік төзімділік, заңды құрметтеуді балалық шақтан қалыптастыру, мәдени-адамгершілік және отбасылық құндылықтарды нығайту. Осыған байланысты қазіргі таңда оқушылар мен студенттер арасында құқықтық сауаттылықты арттыруға ерекше көңіл бөлінуде – бұл еліміз халқының үштен бір бөлігін құрайтын топ, - делінген жазбада.

Берік Асыловтың дерегінше, мектептерде «Заң мен Тәртіп» пәні енгізілуде. Бұл бастама қоғам тарапынан қолдау тапты. Прокурорлар 2 миллион азаматтың әлеуметтік құқықтарын қалпына келтірді. 4 млрд теңге еңбекақы берешегі – ондаған мың қызметкерге қайтарылды, 12 млрд теңге алимент – балалардың пайдасына өндірілді, 630 млрд теңге – мемлекет кірісіне қайтарылды, 850 балалар үйінің түлектері мен әлеуметтік осал азаматтар баспанамен қамтамасыз етілді, тұрғын үй бөлу практикасы қайта қаралды.

- Ұрланған активтерді қайтару бойынша — 770 млрд теңге бюджетке қайтарылды. Осы қаражаттың есебінен 300-ден астам әлеуметтік нысан – мектептер, ауруханалар, спорт кешендері және шалғай өңірлердегі 2 миллионға жуық адамды таза ауыз сумен қамтамасыз ететін нысандар салынып жатыр. Прокуратура олардың мақсатты жұмсалуын мұқият бақылауда ұстап отыр. Активтерді заңдастыру туралы заң аясында 5,3 трлн теңгеден астам инвестициялар тартылған ірі жобалар бойынша ерікті келісімдер бар. Бұл – жұмыс орындары, инфрақұрылым және қылмыстың алдын алу тетіктері.

Прокурорлар 1300-ден астам инвесторға көмектесті. Осы қолдаудың нәтижесінде 10 мыңнан астам жұмыс орны ашылып, сақталды. Бизнестің құқықтарын қорғау саласында ілгерілеу байқалады: азаматтық істер бойынша инвесторларға қарсы талаптар – 25%-ға, ал бизнеске қатысты қозғалған қылмыстық істер саны – 3,8 есеге (1553-тен 406-ға) қысқарды. Құқық қорғау саласының цифрлық трансформациясы – басты бағыттарымыздың бірі, - деп жазды Бас прокурор.

Жарияланымға қарағанда, бүгінде қылмыстық істердің 95%-ы электрондық форматта тергелуде, тергеу мен істерді сотқа жолдау мерзімдері қысқартылды, тергеу изоляторлары мен түзеу мекемелерінде бейнебақылау толық енгізілді. Нәтижесінде азаптау жағдайлары 4 есеге азайды.

- «Цифрлық қадағалау» жүйесі мен жасанды интеллект элементтері арқылы іздеуде жүрген қылмыскерлер мен борышкерлер автоматты түрде анықталады. Жыл басынан бері 2 500 іздеудегі тұлға ұсталды. IT-технологиялар — құқық бұзушылықтардың алдын алудың және «нөлдік төзімділік» қағидатын іске асырудың маңызды құралына айналды. Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл күшейтілуде: халықаралық колл-орталықтар жойылуда, SIM-бокстар мен SIP-телефония бұғатталуда.

Есірткі бизнесімен күресте жаңа тәсілдер енгізілуде. Химиялық заттардың айналымына толық бақылау орнатуға бағытталған Таргетинг-орталық іске қосылды. 10 млрд теңгеден астам есірткі қаржысы бұғатталды. Қазақстан Еуропалық құқықтық көмек туралы Конвенцияға қосылу жөнінде ресми шақыру алды. Бұл – құқықтық және дипломатиялық үлкен жетістік. Бұл – Еуропалық Одақтың Қазақстанның құқықтық жүйесін мойындауы. Мұнда Мемлекет басшысының рөлі ерекше болды. Барлық осы реформалар мен бастамалар – бір мақсатқа бағытталған: Әділетті Қазақстан құру. Онда заң – бәріне ортақ, ал тәртіп – дамудың негізі, - дейді Берік Асылов.

Айта кетейік, бұған дейін Бас прокуратура елімізде қылмыстың азаюы дұрыс бағытта келе жатқанымызды аңғартады деп мәлімдеген.

Соңғы жаңалықтар