Ұрланған жиектастар, опырылған жол: Алматыда аудан әкімдеріне сөгіс жарияланды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда жол төсемінің шөгуі мен жиектастың негізсіз ауыстырылуына байланысты Әуезов пен Медеу аудандарының әкімдеріне қатаң сөгіс жарияланды, ал Бостандық ауданы әкімінің орынбасары қызметінен босатылды. 

Ұрланған жиектастар, опырылған жол: Алматыда аудан әкімдеріне сөгіс жарияланды
Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform

Алматы әкімдігінің мәліметінше, қала басшысы Дархан Сатыбалды Әуезов ауданындағы Аманжол және Яссауи көшелеріндегі асфальттың шөгуі, «Ерменсай» шағын ауданында траншеялардың шайылуы, Бостандық ауданындағы Үлкен Алматы өзенінің жағалауынан гранит плиталардың ұрлануы деректері бойынша қызметтік тергеу жүргізуді тапсырды.

16 қыркүйек күні Алматының Аманжолов көшесінде жол жабыны опырылып, 13 автокөлік зақымданды. 

Ал, 17 қыркүйек күні Яссауи көшесінің Дастан көшесімен қиылысында жол жабыны опырылды. Осыған байланысты Әуезов ауданы әкіміне қатаң сөгіс жарияланды. 

– Бұдан бөлек «Ерменсай» шағын ауданында қазылған траншеяларды қатты су ағыны шаюына, сондай-ақ Әл-Фараби даңғылы мен Жароков көшесіндегі жерасты өткелінде гранит плиталарды негізсіз ауыстыру жұмыстарына бақылаудың болмауына байланысты Бостандық ауданы әкімінің орынбасары (аудан әкімі тағайындалмаған) қызметінен босатылды, - деп хабарлады әкімдіктен.

Сонымен қатар мердігер ұйымды бақылауда кемшілік жібергені үшін – Медеу ауданы әкіміне де қатаң сөгіс жарияланды.

– Уәлиханов бульварындағы жиектасты заңсыз шешіп алып, плиталарды облыстағы жеке үйге жеткізу оқиғасы қоғамда үлкен наразылық туғызды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды, - делінген әкімдік мәлімдемесінде. 

Мегаполис әкімі Үлкен Алматы өзенінің арнасын қайта жаңғырту және іргелес аумақты абаттандыру жобасын орындап жатқан «Павлодар өзен порты» АҚ мердігер ұйымының жұмысындағы кемшіліктерге қызметтік тексеріс жүргізуді және оның себебін анықтауды тапсырды. Осыған байланысты жобаның тапсырыс берушісі – Экология басқармасының басшысына сөгіс жарияланды. 

Еске салайық, бұған дейін Алматыда гранит плиталарды ұрлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар