Ұрлықпен күрес бағдарламасы аясында Тараз қаласында орталықтан басқаратын бақылау жүйесі орнатылады - облыс әкімі

«Облыс үшін қылмыстың алдын алу мәселесі көкейкесті мәселелердің бірі болып қалуда. Ішкі істер департаментін жергілікті бюджеттен қаржыландыру көлемі жыл сайын өсіп келеді. Егер 2009 жылы қаржыландыру көлемі 2,5 млрд. теңгені құраса, ағымдағы жылы бұл көрсеткіш 4,6 млрд. теңгені құрады.
Соңғы 4 жылда ішкі істер органдарын материалдық-техникалық қамтамасыз етуге 1,7 млрд. теңге бағытталды. Бөлінген қаржыға 151 автокөлік, бейнебақылау камералары және басқа қажетті техникалар алынды», - деді әкім.
Оның сөзінше, қабылданған шаралар нәтижесінде соңғы 8 айда кейбір ауыр қылмыстар деңгейін төмендетуге қол жеткізілді. Мысалы, кісі өлтіру 6, қарақшылық шабуыл 14, қорқытып алушылық 31 пайызға азайған.
«Бүгінгі таңда бөтен мүлікті ұрлау бойынша қылмыс саны 45,2 пайызға өсті. Қалыптасқан ахуалды ескере отырып, біз құқық қорғау және мемлекеттік органдармен бірлесе бөтен мүлікті ұрлауға қарсы күрес бағдарламасын әзірлеу үстіндеміз. Бағдарлама шеңберінде Тараз қаласында орталықтан басқаратын бақылау жүйесін орнату жоспарлануда», - деді Қ. Бозымбаев.
Белгілі болғандай, сондай-ақ үй подъездерінде бейнебақылау камераларын, дабылқаққыштар орнату, пәтерлерді дабыл жүйелерімен жарақтандыру көзделуде. Келешекте олардың тәулік бойы тұрақты жұмыс істеуін жекеменшік күзет мекемелері қамтамасыз ететін болады.