«Ұрпақ әлжуазданып барады» - БАҚ-қа шолу

АСТАНА. 22 қазан. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 22 қазан, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

«Кеше Сочи-2014 қысқы Олимпиялық ойындарының алауы жолынан ауытқып, Қазақстанның Байқоңыр қаласына бір күнге аялдады. Бұған бұл қаланы Ресейдің жалға алып отырғаны ғана емес, осында ғарыш айлағының болуы да себеп болды. Сырдария жағасындағы жердің кіндігі іспеттес елді мекенге отты шығыршық халықаралық ғарыш стансасына сапар шегетін жаңа экипаж мүшелерімен бірге Ан-12 жүк ұшағымен жеткізілді. Содан кейін ол 254 ұшыру алаңындағы «тазалық бөлмесіне» апарылып қойылды. Осы жерде негізгі алаудан тұтатылған тағы бір тұғыр «Союз ТМА -11М» ұшқыш корабліне салынады. Онымен халықаралық ғарыш стансасына іске қосылған күні жаңа экспедиция аттанады»,-деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы «Олимпиада алауы «Байқоңырға» аялдады» деген тақырыптағы материалында. «Союз» пилотты ұшағының халықаралық ғарыш стансасында жаңа экипажбен кездесуі 7 қарашаға белгіленген. Экипаждың құрамында Ресей ғарышкері Михаил Тюрин, НАСА астронавты Ричард Мастраккио және жапон ғарыш агенттігінің астронавты Коити Ваката бар. Ал Олимпиада алауын ашық ғарышқа халықаралық ғарыш стансасы бортынан қазір стансада жүрген ғарышкерлер Олег Котов пен Сергей Рязанский 9 қараша күні алып шығатын болады.

Еліміздің бас басылымының жазуынша, инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі халықаралық орталықтың (ИДРХО) төрелік трибуналы «KT Asia Investment Group B.V.» (KT Asia) компаниясының талап-арызы бойынша Қазақстанның пайдасына шешім шығарды. «KT Asia» компаниясы Нидерландта тіркелген және Мұхтар Әбіләзовтің формальді түрде әрекет ететін және нақты коммерциялық қызметті жүзеге асырмайтын фирмасы болып табылады. Талапкер Республиканың оған формальді тиесілі БТА Банк АҚ-та миноритарлы акциялар пакетін ықтимал ұлт меншігіне алғанын мәлімдеді. Талаптардың сомасы 1,5 млрд. АҚШ доллары шамасында болды. Осы төрелік талқылау 2009 жылы ИДРХО Конвенциясы және Қазақстан Республикасы мен Нидерланд Корольдігі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімнің шарттары негізінде басталды. Қазақстанға қарсы төрелік талқылау толығымен Мұхтар Әбіләзовпен қаржыландырылды. Қызметінің уақыты ішінде «KT Asia» компаниясы БТА Банкінің акцияларын және әкімшілік шығындарды өтеу үшін қаражаттары бар банк шотын ғана иеленді, талапкердің басқа активтері болмады. Бұл жайында «Әбіләзовтің әріптестері тағы ұтылды» деген мақалада берілген.

Сонымен қатар «Егемен Қазақстан» басылымында «Арқалықтың екінші тынысын ашу керек» деген мақала жарияланды. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Серік Ахметов Арқалық қаласына жасаған сапарын алдымен «Арқалық-Шұбаркөл» теміржол учаскесі құрылысынан бастады. «Арқалық-Шұбаркөл» теміржол тармағы болашақта тек Жезқазған-Арқалық өңіріне ғана емес, тұтас еліміз экономикасының дамуына қызмет ететін стратегиялық маңызы бар құрылыс болып табылады. Теміржол түскен аймаққа онымен бірге әлеуметтік құрылыстар да салынады, адамдарға жұмыс орны ашылады. Ұзындығы 214 шақырым болатын бұл теміржол құрылысында қазір көтерме жол салынып, көпір мен жол өтпелерінің, су өткізетін құбырлардың монтажы аяқталып қалды. Премьер-Министр Серік Ахметов заманауи технологиялармен салынып жатқан жол құрылысы жұмыстарының барысымен танысты. Жақсы баға берді.

- Бұл теміржол тармағы осы өңірге жаңа тіршілік береді. Жол бойында көптеген кәсіпорындар ашылып, жұмыс орындарын ұсынатын болады. Қазір құрылысы жүріп жатқан мерзімнің өзінде бұл жерде үш мыңнан аса жұмысшы еңбек етеді. Кейін теміржол іске қосылғанда онда бір мың адам өзінің тұрақты жұмыс орнын табады. Қазір теміржол құрылысына өзіміздің отандық тауар өндірушілер шығарған материалдар пайдаланылуда. Президенттің нұсқауы бойынша Арқалық-Шұбаркөл теміржолы келесі жылы желтоқсан айында пайдалануға беріледі. Ол іске қосылғанда еліміздің оңтүстік шығыс, батыс және орталық аймақтарына шығатын жолдар түйісетін болады, - деді Серік Нығметұлы. Жаңа теміржол тармағы моноқала Арқалықты транзиттік қалаға айналдырады. Ал бұл қала дамуының екінші тынысын ашады деген сөз.

***

«Үкімет сағаты» аясында Мәжіліске есеп беруге келген Спорт және денешынықтыру істері агенттігінің төрағасы Ерлан Қожағапановтың мәліметінше, биыл шынығу деңгейі сыналған 613 мың оқушысының тек 3,5 пайызы ғана «президенттік тестті» тапсыра алыпты. Ал халық қалаулылары осыдан біраз жыл бұрын қыруар халық қаржысы шығындалып, Бразилияда оқытылған 26 жасөспірім футболшыға іздеу салды. Сондай-ақ алда ақ олимпиаданың келе жатқандығын еске алған депутаттар қысқы спорт түрлерінен тұғырлы ұлт өкілдерінің аздығына алаңдаушылық білдірді»,-деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санында. Мемлекет басшысы 2020 жылға қарай денешынықтырумен және спортпен шұғылданатын азаматтардың санын - 30 пайызға, ал балалар мен жасөспірімдер арасында бұл көрсеткішті 15 пайызға жеткізу туралы міндет қойыпты. Алайда спорт агенттігі басшысының айтуынша, балалар мен жасөспірімдердің дене шынықтыру клубтарының саны, өсу орнына, жылдан-жылға қысқарып барады: егер 2011 жылы олар 651 болса, 2012 жылдың қорытындысы бойынша соның ендігі небәрі 626-сы қалыпты. Бұл жайында «Ұрпақ әлжуазданып барады» деген мақалада берілген.

Осы басылымда «Көмірдің орнына - сабан түйіршіктері» атты мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Алматы облысы «Жасыл экономика» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында нақты жұмыстарды қолға алып, алғашқы нәтижелерге де қол жеткізе бастады. Соның бірі ретінде қоршаған ортаны ластауда алғашқы орындардан көрінетін қатты отын түрлерінің орнына баламалы отын пайдалануға ден қою бағытындағы жұмыстарды айта кеткен жөн. Көксу ауданында кәдімгі дәнді және майлы дақылдардың қалдығы -сабаннан отындық түйіршіктер шығаратын шағын кәсіпорын іске қосылды. Қалдықсыз өнім шығаратын кәсіпорында сағатына осындай отынның бір жарым тоннасы өндіріледі.

«Факел» атты Қазақстан - Германия бірлескен кәсіпорнының құрылтайшысы Иван Гирченконың айтуына қарағанда, отын экологиялық тұрғыда барынша таза. Онда көмірқышқылы газы, күкірт мүлде жоқ, сабан түйіршіктері отын ретінде пайдаланылған қазандықтан айына бір рет қана 10-15 келі күйе алынады екен.

***

«Шетелдіктерге «бізде мынадай бар, мынадай бар» деп мақтанып көрсетуге тұрарлықтай небір асыл дүниелеріміз, құнды жәдігерлеріміз жетерлік. Қазақ дейтін халықтың көшпенді ғұмыр кешіп, ен даланы кезіп жүрмегендігін дәлелдейтін небір атағы алысқа кеткен қалалары болғандығын паш етер жәдігерлеріміздің құндылығын білмей, өз қолымыздан құртып отырған жайымыз бар. Қазба жұмыстары кезінде аршылып алынған сол қалалардың орнын қайта қалпына келтіріп, аспан асты мұражайына айналдырсақ, туристердің қызыға кеп тамашалайтын орнына айналары кәдік»,-деп жазады «Алаш айнасы» басылымы бүгінгі санында. Бұл жайында толық білгіңіз келсе, «Қорық мұражайға қашан айналады?» деген мақаланы қараңыз.

Осы газетте «Гастарбайтерлер «гәккулетіп» жүрмей ме?» атты мақала жарияланды. Еліміздегі ең бір өзекті мәселе жұмыссыздық екені белгілі. Талай жанның жігерін құм еткен бұл кедергіден құтылу да қиынға соғып тұр. Мәселен, Сенат пен Мәжіліс депутаттары бір-екі қараудан соң-ақ, «ҚР Көші-қон заңындағы еңбек мигранттары туралы бірқатар заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды мақұлдап жіберді. Халық қалаулылары қолдап жіберген жаңа заңда қаралған жанды ауыртатын зілді сұрақтың бірі жұмыссыздық болып тұр. «ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметтеріне қарағанда, еліміздің 2 миллион
700 мың тұрғыны - «өзін-өзі жұмыспен қамтығандар». Бұл дегеніңіз еңбекке жарамды халықтың 33,3 пайызының тұрақты табысы жоқ екенін көрсетеді. Осындай кезеңде қабылданған бұл заң онсыз да жұмыссыз жүрген ел азаматтарына жығылған үстіне жұдырық болып жүрмей ме?»,-деп жазады мақала авторы.


***

«Ана тілі» газетінің соңғы санында «Мемлекеттік қызметші үлгі көрсетсін!» деген мақала берілген. «Елімізде өзге ұлт өкілдерін есепке алмағанда, қазақ қоғамының өзі қазақтілді және орыстілді болып отырғаны жасырын емес. Бүгінгі таңда қазақтың саны 65-70 пайыз болса, олардың жартысына жуығы - қазақша аздап түсініп, сөйлей алатын немесе ана тілін мүлдем білмейтін орыстілді қандастарымыз екені белгілі жайт»,-деп жазады басылым. Осы орайда мақала авторы қоғамдағы қай қызмет саласында болсын мемлекеттік тілді жетік меңгерген мамандар қызмет етсе, олар қарапайым халыққа үлгі-өнеге болар еді деген пікірді алға тартуда.

Соңғы жаңалықтар