Ұры елордалық ломбардтардың 36 млн қаржысын қолды қылған

АСТАНА. ҚазАқпарат - Криминалдық полиция қызметкерлері республика бойынша жылдың басынан бері жалдамалы пәтерлер мен қонақ үйлерде тұрып, 67 рет пәтерді, автокөліктерді тонап, қалтаға түскен 64 «гастролер» ұрыны ұстады. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі ҚР ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ұры елордалық ломбардтардың 36 млн қаржысын қолды қылған

4 қаңтар күні Астанада криминалдық полиция қызметкерлері  жалдамалы пәтерлерде тұрған, бұрын бірнеше рет сотталған Ақтөбенің тумасын тұтқындады. Ол 2016 жылдың 29 желтоқсан күні (залалы 35 млн теңге) және 3 қаңтар күні (залалы 800 мың теңге) ломбардтардан ақша мен зергерлік бұйымдарды екі рет тонаған.

1 қаңтар күні жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында Алматы қаласындағы Абылай хан даңғылында жалдамалы пәтерде тұрып, 2016 жылдың желтоқсан айында Таугүл-3 мөлтекауданындағы пәтердің терезесін майыстырып ашып, жарты миллион теңгелік мүлікті ұрлаған Алматы облысының екі тумасы ұсталды. Сондай-ақ, олардың қаладағы Алатау және Жетісу аудандары аумағындағы екі пәтерді тонағандары дәлелденді.

Алматы облысы Қарасай ауданының тумасы уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды. Ол Алматыдағы Тұрғұт Озал көшесінде жалдамалы пәтерде тұрып, 1 қаңтар күні 880 мың теңгелік «БМВ» автокөлігін қолды еткені үшін тұтқындалды. Күдіктінің 7 қаңтар күні түнгісін Әуезов пен Ғабдуллин көшелерінің қиылысындағы көлікті ұрлағаны дәлелденді.

Астанада Абылай хан даңғылындағы жалдамалы пәтерде тұрып, алаяқтық жасау арқылы 9 млн теңгені ұрлағаны үшін қаңтар айында полицейлер 40 жасар  және 28 жасар Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарын ұстады.