17:45, 09 Сәуір 2012 | GMT +5
Ұры қолды қылған жауынгерлік наградаларды базарда сатып жіберуге талпынды - Қарағанды облысы
ҚАРАҒАНДЫ. 9 сәуір. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының Осакаровка кентінде Ұлы Отан соғысы ардагерінің қызынан әкесінің жауынгерлік наградалары ұрланды.

Облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінен хабарлағандай, полицейлер ұрыны ұстады.
Полицияның ақпаратынша, қылмыс 6 сәуір күні жасалды. Кіреберіс есікті бұзып кірген ұры 59 жастағы үй иесі естелік ретінде сақтап жүрген Ұлы Отан соғысының қатысушысы - әкесінің 16 ордені мен медалін алып кеткен. Бұдан басқа, үйден кейбір заттар мен азық-түлік ұрланды.
«Келесі күні Осакаров аудандық ІІБ-нің қызметкерлері жергілікті базарда ұрланған марапаттарды сатуға талпынған Астана қаласының 42 жастағы тұрғынын қолға түсірді», - деп хабарлады облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінен.
Ұсталған азаматтан ұрланған ордендер мен медальдар алынды. Ұрлық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.