US Open: Александр Бублик 19 жастағы теннисшіден жеңіліп қалды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 27-ракеткасы Александр Бублик АҚШ ашық чемпионатының екінші айналымына шыға алмады.

саша бублик
Фото: instagram.com/bublik

Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингіде 72-орында тұрған 19 жастағы қытайлық Цзюнчэн Шанмен сынға түсті

Қарсыластар осыған дейін Индиан-Уэллсте (АҚШ) кездесіп, онда Бублик оңай жеңген еді — 6:4, 6:1.

Бұл жолы бірінші партияда есеп 4:4 болған мезетте Шан брейк жасап, сосын өз геймін алды — 6:4.

Екінші сетте Бублик есеп 4:3 болғанда, брейкке қол жеткізді — 6:3.

Үшіншісінде қазақстандық теннисші есеп 5:4 болып, сетке доп бергенде өз мүмкіндігін пайдалана алмады — 5:5. Дегенмен тағы бір брейк жасап, көздегеніне жетті — 7:5. 

Төртіншісінде қытайлық спортшы 5:0 есебімен алға кетті. Бублик есепті қысқартқанымен, таразы басын теңестіре алмады — 3:6.

Шешуші, бесінші сетте Шан брейкпен 3:2 есебімен алға шыққанымен, Бублик сол бойда есе қайырды — 3:3. Бірақ Шан есепті қайта 5:3-ке жеткізді. Содан кейін матчқа доп бергенде, қателескен жоқ — 6:4. 

Үш сағат 35 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында Бублик 22 эйспен бірге 11 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Шан 4 эйс, 6 брейкпен (15 брейк-пойнт) көзге түсті.

Цзюнчэн Шан келесі айналымға шығу үшін әлемнің 55-ракеткасы, испаниялық Роберто Карбальес-Баэна немесе рейтингіде 276-сатыдағы ұлыбританиялық Ян Хоинскидің қай жеңгенімен таласады.

Тағы бір қазақстандық, әлемнің 61-ракеткасы Александр Шевченко осы түнде рейтингіде 83-сатыдағы германиялық Доминик Кепфермен шеберлік байқасады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен АҚШ ашық чемпионаты басталатынын хабарлаған болатынбыз.

Сондай-ақ қазақстандық жас теннисшілер екі турнирде жеңімпаз атанды. 

Соңғы жаңалықтар