US Open: Александр Бублик АҚШ чемпионын жолдан тайдырды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 24-ракеткасы Александр Бублик АҚШ ашық чемпионатының екінші айналымына шықты.

Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда 2014 жылғы АҚШ чемпионы, қазіргі кезде рейтингіде 62-орында тұрған хорватиялық Марин Чиличке тап келді.
Бірінші партияда Бублик 6:4 есебімен басым түсті. Екіншісінде қарқынын одан сайын үдетті – 6:1.
Үшінші сет те А.Бубликтің пайдасына шешілді – 6:4.
Бір сағат 50 минутқа созылған бәсекеде Бублик 16 эйс жасап, 9 брейк-пойнттың төртеуін өз есебіне жазды. Чилич 5 эйспен шектелді.
Александр Бублик үшінші айналымға шығу үшін әлемнің 46-ракеткасы, Италия өкілі Лоренцо
Сонего немесе рейтингіде 96-сатыдағы аустралиялық Тристан Скулкейттің қай жеңгенімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын АҚШ ашық чемпионатында Елена Рыбакинаның 16 жастағы теннисшіні ұтқанын жазған едік.