US Open: Бейбіт Жұқаев 3,5 сағатқа созылған матчта қарсыласын қапы қалдырды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 192-ракеткасы Бейбіт Жұқаев АҚШ ашық чемпионаты іріктеу турнирінің жартылай финалына өтті.

Қазақстандық спортшы бастапқы кездесуін әлемдік рейтингіде өзінен бес саты төмен тұрған америкалық Джек Пиннингтон-Джонспен өткізді.
Бірінші партияда америкалық теннисші 6:3 есебімен басымдылық танытты.
Екіншісінде Бейбіт тай-брейкте қарымта қайырды – 7:6 (8:6).
Үшінші, аса тартысты сетте тай-брейкте Пиннигтон-Джонс 8:4 есебімен алға кетіп, сосын үш бірдей матчболын пайдалана алмады. Есесіне Бейбіт бәсекені жеңіспен түйіндеді – 7:6 (14:12).
Үш сағат 35 минутқа созылған ойында Бейбіт 15 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың үшеуін өз есебіне жазды. Пиннигтон-Джонс 11 эйс, 4 брейкпен (11 брейк-пойнт) көзге түсті.
Бейбіт Жұқаев іріктеу сайысының финалына шығу үшін әлемнің 143-ракеткасы, тағы бір америкалық Захари Свайдамен таласады.
Елена Рыбакина осы «Үлкен дулыға» жарысында миксте америкалық Тейлор Фрицпен бірге италиялықтар Сара Эррани — Андреа Вавассориға 2:4, 2:4 есебімен есе жіберіп, ширек финалдан тыс қалды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын АҚШ ашық чемпионатында Дмитрий Попконың іріктеу сайысын сәтті бастағанын жазған едік.
Сондай-ақ Тимофей Скатов әлемдік рейтингіде бірден 115 сатыға жоғарылады.