US Open: Елена Рыбакина үшінші айналымға жолдама алды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші, әлемнің 10-ракеткасы Елена Рыбакина АҚШ ашық чемпионатының үшінші айналымына шықты.

Қазақстандық теннисші екінші кездесуін дүниежүзілік рейтингіде 96-орында тұрған чехиялық, 18 жастағы Тереза Валентовамен өткізді.
Т. Валентова – өткен жылы жасөспірімдер арасында Ролан Гаррос турнирінде жекелей және жұптық сында топ жарып, теннис әлемінде танылып үлгерген жас спортшы.
Бірінші партияда Рыбакина 6:3 есебімен басымдылық танытты. Тартысты өрбіген екінші сетті Елена жеңіспен түйіндеді – 7:6 (9:7).
Бір сағат 41 минутқа созылған бәсеке барысында Рыбакина 4 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың төртеуін өз есебіне жазды. Валентова 2 эйс, 3 брейкпен (9 брейк-пойнт) көзге түсті.
Елена Рыбакина төртінші айналымға шығу үшін әлемнің 36-ракеткасы, 2021 жылғы АҚШ чемпионы, 22 жастағы ұлыбританиялық Эмма Радуканумен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын АҚШ ашық чемпионатында Елена Рыбакинаның 16 жастағы теннисшіні жеңгенін жазған едік.
Александр Бублик АҚШ чемпионын жарыс жолынан тайдырды. Бублик екінші айналымда әлемдік рейтингіде 96-сатыдағы аустралиялық Тристан Скулкейтпен ойнайды.