US Open: Юлия Путинцева Монтеррей чемпионын жеңді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның екінші, әлемнің 32-ракеткасы Юлия Путинцева АҚШ ашық чемпионатын жеңіспен бастады.

Юлия Путинцева
Фото: ҚТФ

Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің 25-ракеткасы, 19 жастағы чехиялық Линда Носковамен бетпе-бет келді.

Л.Носкова өткен аптада Мексикадағы Монтеррей WTA 500 турнирінің чемпионы атанып, әлемдік рейтингіде 35-тен 25-ке көтеріліп, жеке рекордын орнатқан еді.

Тартысты өрбіген бірінші партияда қазақстандық теннисші тай-брейкте таразы басын өзіне аударды – 7:6 (7:4). Екіншісінде 6:4 есебімен жеңісті түйіндеді.

Бір сағат 41 минутқа созылған бәсеке барысында Путинцева 3 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың бесеуінде қапы кетпеді. Носкова 6 эйс жасап, 5 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. 

Юлия Путинцева үшінші айналымға өту үшін әлемнің 40-ракеткасы, қытайлық Синьюй Ванмен шеберлік таластырады.

Өткен жылы АҚШ чемпионатында алғашқы айналымнан аса алмаған Ю.Путинцева қазіргі кезде WTA Live рейтингісінде 29-орынға көтеріліп тұр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын АҚШ ашық чемпионатында Елена Рыбакинаның екінші айналымға өткенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар