US Open: Юлия Путинцева жарыс жолын аяқтады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның екінші, әлемнің 84-ракеткасы Юлия Путинцева АҚШ ашық чемпионатының үшінші айналымына шыға алмады.
Қазақстандық теннисші екінші айналымда кезінде әлемдік рейтингіде 4-орынға дейін көтерілген, қазіргі кезде 121-сатыдағы қытайлық, Париж Олимпиадасының чемпионы Чжэн Циньвэньге тап келді.
Қарсыластар бұған дейін өзара екі рет кездесіп, онда Путинцева жеңген еді.
Ю.Путинцева АҚШ чемпионатының алғашқы айналымында әлемнің 12-ракеткасы, Токио Олимпиадасында үздік шыққан швейцариялық Белинда Бенчичті камбэкпен ұтқан еді.
Бұл жолы бірінші сетте есеп 3:2 болған мезетте қытайлық теннисші брейк жасап кетті – 4:2.
Юлия қайыра брейк жасағанымен, өзінің геймін беріп қойды – 4:6.
Екінші сетте Путинцева 5:1 есебімен алға кетті. Сосын дегеніне жетті – 6:2.
Үшінші, шешуші партияда қытайлық спортшы бірден брейк жасап, өз геймін де алды – 3:0.
Ақыры матчты жеңіспен түйіндеді – 6:1.
Екі сағат 37 минутқа созылған тартысты бәсекеде Ю.Путинцева 3 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың төртеуін мүлт жібермеді. Циньвэнь 9 эйс, 5 брейкпен (8 брейк-пойнт) көзге түсті.
Қытайлық спортшы төртінші айналымға шығу үшін әлемнің 24-ракеткасы, 2025 жылғы Аустралия ашық чемпионатының жеңімпазы, америкалық Мэдисон Кизбен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын АҚШ ашық чемпионатында Юлия Путинцеваның Олимпиада чемпионын қапы қалдырғанын жазған едік.
Сондай-ақ Александр Бублик қарсыласын айқын басымдылықпен жеңді.
Анна Данилина жылдың қорытынды турниріне жолдама алды.