US Open: Заңғар Нұрланұлы алғаш рет «Үлкен дулыға» турнирінің ширек финалына өтті
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, 17 жастағы Заңғар Нұрланұлы жасөспірімдер арасында АҚШ ашық чемпионатынының ширек финалына шықты.

ITF Juniors рейтингісінде 54-орында тұрған Заңғар Нұрланұлы үшінші айналымда жасөспірімдер арасында әлемнің 8-ракеткасы, финляндиялық, 18 жастағы Оскари Палданиустан айласын асырды.
О.Полданиус ересектер арасында ATP рейтингісінде 991-сатыда тұр.
Бірінші партияда фин теннисшісі 6:3 есебімен басым түсті.
Бұдан кейін камбэк жасай білген Заңғар қарсыласын тұқыртып тастады – 6:1, 6:2.
Тартысты бәсеке 2 сағат 6 минутқа созылды.
Осылайша, тағы бір сенсация жасап, ширек финалға өткен Заңғар Нұрланұлының келесі қарсыласы – ресейлік Тимофей Дерепаско.
З.Нұрланұлын айтулы табысымен Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов құттықтады.

З.Нұрланұлы жұптық сында Дамир Жалғасбаймен бірге екінші айналымда жарыстың 2-ракеткалары, германиялықтар Нильс Макдональдс – Макс Шёнхауспен ойнайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Заңғар Нұрланұлының сенсация жасап, үшінші айналымға шыққанын жазған едік.
Сондай-ақ Новак Джокович тағы бір рекордтық нәтижеге қол жеткізді.