USAID-тің жабылуы Қазақстандағы жобаларға қалай әсер етіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев Мәжіліс кулуарында АҚШ Халықаралық даму агенттігінің жұмысын тоқтатуы Қазақстанда басталып кеткен жобаларға қалай әсер етіп жатқаны туралы пікір білдірді.

АҚШ агенттігінің Қазақстанға қандай қатысы бар
Ресми мәліметке сүйенсек, 1992 жылдан бері агенттік Қазақстанға 500 млн долларға жуық қаржы бағыттаған.
Ұйым мемлекеттік және тәуелсіз ұйымдарды қолдау арқылы энергетика нарығын, жергілікті сауданы, іскерлік ортаны дамытуға күш салды. Бұл ақша ел экономикасының түрлі салаларын, денсаулық сақтау жүйесін, демократиялық институттарды қолдауға жұмсалған. Әсіресе ана мен бала өлімін азайту, АИТВ/ЖИТС дертімен күрес, қоршаған ортаны қорғау бағытында көптеген жобаны қаржыландырды. Оның ішінде Аралдағы экологиялық апаттың салдарын жеңілдетуге бағытталған жобалар да бар.
Сауда министрлігінің мәліметі

- Әзірге Сауда және интеграция министрлігінің қатысы бар жобалар тоқтап қалды дейтіндей мәлімет жоқ. Бір бағдарлама болған, ол былтыр аяқталған. Биыл USAID біздің министрлік арқылы ешқандай жобаны қолға алған жоқ, - деді Қайрат Төребаев.
Ал Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов елімізге шетелдік демеушілер бөлетін қаржыға аудит жүргізіп, барлық есеп-қисабын халыққа жариялау керек деп отыр.