17:46, 02 Наурыз 2009 | GMT +5
Ұсақ шаруашылықтарды біріктіріп, ірілендіру - уақыт талабы
ҚЫЗЫЛОРДА. Наурыздың 2-сі. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ - Үкіметтің дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспарында Елбасының агроөнеркәсіп кешенінің алдына жүктеген міндеттері көрініс тапқан болатын. Оның ішінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өңдеу саласына айрықша назар аудару қажеттігі атап көрсетілді. ҚазАқпарат тілшісі Қызылорда облыстық ауыл шаруашылық басқармасының бастығы Бақыт Жақановқа
жолығып, ауылшаруашылығы саласында атқарылып жатқан істердің жай-жапсарын білген еді.? Бақыт Дүйсенұлы, алдымен ұсақ шаруашылықтарды біріктіру бағытында жасалып жатқан жұмыстарға кеңірек тоқталып өтсеңіз? ? Өздеріңізге мәлім, жекешелендіру кезінде облыстағы іргелі шаруашылықтар майдаланып, ұзын саны 772-ге дейін жетті. Осының салдарынан егіс көлемі азайып, ауыл шаруашылығы дақылдарын өндіру кеміді. Майдаланған құрылымдар қазіргідей нарық талабының көшіне ілесе алмайтынын өмір тәжірибесі көрсетіп берді. Кезінде 100 мың гектарға дейін күріш егілсе, қазір оның жартысын ғана егетін болдық. Яғни ауыл шаруашылығы құрылымдарының экономикалық жағдайын көтеру қажеттігін уақыттың өзі тудырып отыр. Себебі облыс халқының басым көпшілігі ауылда тұрады. Шаруашылықтарды ірілендіру тетіктерінің бірі ауылшаруашылығы тауар өндірушілерінің селолық тұтынушылар кооперативтері үлгісіндегі бірлестіктерін және сервистік даярлау орталықтарын құру болып табылады. Бұл үшін қазірде барлық аудандарда түсіндіру және методикалық көмек көрсету жұмыстары жүріп жатыр. Арал ауданында құрамында 10 құрылымы бар балық өндірісін дамыту бағытындағы селолық тұтыну кооперативі құрылса, Жаңақорған ауданында 68 құрылым енетін 2 бірлестіктің құжаттары әзірленуде. Қызылорда қаласында сервистік даярлау орталықтары ұйымдастырылып, бизнес жобалары әзірленіп, "Оңтүстік" ӘКК-на ұсынылды. Қазалы және Жаңақорған аудандарында 2 сервистік-дайындау орталықтары ашылды. Қазалы ауданындағы сервистік дайындау орталығына барлығы 31 тауар өндіруші және "Жанкент" селолық тұтыну кооперативі біріктірілді. Орталықтың бірінші кезекте атқаратын жұмыстары көкөніс бақша өнімдерін сақтау базаларын, мал сою, өңдеу цехтарын салу және машина-трактор паркін құру болып межеленіп отыр.Жаңақорған ауданындағы сервистік дайындау орталығына 16 тауар өндіруші біріктірілді. Орталықта 13086 гектар жер телімі бар. Негізгі айналысатын жұмыс түрлері ? күріш егу, жеміс-жидек және мал өнімдерін өндіру, оның ішінде қаракөл шаруашылығын дамыту болып белгіленген. Орталық шеңберінде тамшылатып суару, 15000 бас қой бордақылайтын алаң және машина-трактор паркін құру жоспарда бар. Екі орталықтан "Оңтүстік" ӘКК-на жалпы құны 267,6 млн. теңгеге 27 дана әр түрлі ауылшаруашылығы техникасын алуға сұраныс берілді. Басқа аудандарда сервистік-дайындау орталықтарын құру жөнінде ұсыныстар беріліп, қаралу үстінде.? Ауыл шаруашылығы құрылымдарын ірілендірудің тетігі қалай жүреді? ? Негізінен оның үш түрлі жолы бар. Шаруашылықтар қайсысын таңдаймын десе де ерікті. Біріншісі ? ұсақ шаруашылықтар бірігіп төраға сайлап алады. Оның үлгісі бұрыннан бар. Бірлестік құрылған соң несие алуға мүмкіндік туады. Екіншісі ? селолық тұтыну кооперативтері негізінде шоғырланады. Мұнда да бір төраға болады. "Аграрлық несие корпорациясы" арқылы жылдық сыйақы 5 пайыздық мөлшерде несие алуға қол жеткізеді. Үшіншісі ? сервистік дайындау орталығымен бірігіп жұмыс істейді. Қалай болғанда да, іріленген кезде ғана қаржыға қол жеткізу мүмкіндігі артады. Бұл бағытта қазір түсіндіру жұмыстары қоса жүргізіліп жатыр.? Бірлестіктер құрылған соң қандай бағыттарға басымдық беріледі? ? Бірлестікті құру кезінде түскен ұсыныстар толық ескеріледі. Онда төрт басым бағыт белгіленген. Бірінші ? көкөніс, жеміс-жидекті сақтау, өңдеу және өткізу, сонымен қоса осы дақылдарды өндіру үшін қажетті материалдық ресурстармен қамтамасыз ету қызметі, екінші ? мал сою пункттерін ұйымдастыру, ет өнімдерін өңдеу және өткізу, үшінші ? майлы дақылдарды өңдеу және осы дақылдың өндірісіне қажет материалдық ресурстармен қамтамасыз ету, соңғысы ? сүт дайындау, сақтау, өңдеу және өткізу.? Көктемгі егіс жұмыстарының басталуына да көп уақыт қалған жоқ. Биылғы егіннің жайы қалай болғалы жатыр? ? Облыс бойынша 147,1 гектар жерге егіс егуді межелеп отырмыз. Оның ішінде дәнді дақылдар 73,7 мың, мал азығындық дақылдар 50,0 мың, картоп, көкөніс 19,7 мың, майлы және техникалық дақылдар 2,6 мың гектарды құрайды. Күріш жалпы егіс көлемінің 64,9 мың гектарын алады. Осы кезеңге облыстағы шаруашылық аралық каналдардан 200 мың, ішкі шаруашылық каналдардан 210,8 мың текше метр топырақ шығарылды. Жоспарланған жұмыстар су алу науқанына дейін толық аяқталады. Биылғы жылдың су тапшылығын ескеріп, оны тиімді пайдаланудың барлық мүмкіндіктерін қарастырудамыз. Бүгінгі күнге 21 мың тонна тұқымның 14,5 мың тоннасы тексеруден өткізілді. Минералды тыңайтқыштан 43 мың тонна пайдалануды межелесек, оның қазір 18387 тоннасын алып та қойдық. Үстіміздегі жылы ауыл шаруашылығы машина-трактор паркін жаңалау мақсатында "ҚазАгроҚаржы" АҚ арқылы лизингке 1 млрд. теңгеге бағаланған 204 техника алуға сұраныс бердік. Облысымызда МТЗ, ХТЗ тракторлары мен "Енисей" комбайнына сервистік қызмет көрсететін орталықтар жұмыс жасауда. Қазір дала жұмыстарын жүргізетін облыс ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қолындағы техникалары 90 пайыздай дайын десе болады. Биылғы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын егіп, күтіп баптау жұмыстарына 16,0 мың дизель отыны, 3,5 мың тонна бензин және 1 мың тонна қою май қажет. Қазірде облыстағы шаруашылықтардың қолында 10,6 мың тонна дизель отыны бар. Қажетті жанар-жағар майды Атырау мұнай өңдеу зауытынан тоннасын 57 мың теңгеден алатын болып келістік.
Егінге республикалық бюджеттен 1,6 млрд. теңге қаржы бөлінді. Оның 1055 млн. теңгесі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге тауар-материалдық құндылықтардың құнын арзандатуға, 35,5 млн. теңгесі тұқым шаруашылығын қолдауға, 61,9 млн. теңгесі су жеткізіп беру жөніндегі қызметтердің құнын субсидиялауға, 423,4 млн. теңгесі өнімнің шығымдылығын және сапасын арттыруға жұмсалады. Сонымен бірге жергілікті бюджеттен І-репродукциялы тұқымның бағасын арзандатуға 105 млн. теңге қаралып отыр. Бұл субсидияларды игеру маусым айынан басталады.