Үш айда есірткінің таралуына қатысты мыңға жуық сайт бұғатталды
АСТАНА. KAZINFORM – Есірткі жасыратындар мен жеткізіп беретіндерді жалдау бойынша жасалған 4300-ден астам хабарландыру өшірілді. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев айтты.
«Интернет арқылы жасалатын есірткі саудасына қарсы тұруға ерекше назар аударылған. Бізде «Кибернадзор» ақпараттық жүйесі бар. Оның көмегімен есірткі сайттарын анықтап, оларды бұғаттау үшін мәліметтерді Мәдениет және ақпарат министрлігіне жібереміз. Үш айдың ішінде есірткінің таралуы туралы ақпараты бар мыңға жуық сайт анықталып, бұғатталды. Сондай-ақ, есірткі тарататын интернет-дүкендерді анықтау үшін Telegram-бот құрылды. Оған 2200 қызметкер қосылған. Қазірдің өзінде 52 ірі интернет-дүкен, сонымен қатар жалпы аудиториясы 75 мыңнан астам әлеуметтік желі қолданушыларынан тұратын 37 бот жойылды», - деді Ш.Алекешев министрліктің апталық баспасөз мәслихатында.
Онйың айтуынша, қазір жарнама платформаларын да бақылау жүріп жатқанын айтты.
«Бұдан басқа, «OLX Group» өкілдігімен өзара іс-қимыл жолға қойылды. Онда курьерлік жұмыстың атын жамылып, есірткі жасыратындар мен жеткізіп беретіндерді жалдау бойынша жасалған 4300-ден астам хабарландыру өшірілді. Ол үшін мемлекеттік органдар мен «OLX» өкілдерінің және еріктілердің қатысуымен тиісті чат құрылған. Бұл өз кезегінде заңсыз жарнаманы 5 минут ішінде жоюға мүмкіндік береді», - деді ресми өкіл.