Үш айда қазақстандық кәсіпкерлер Өзбекстанда 40-қа жуық компания құрған

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Ұлттық статистика комитетінің 1 мамырдағы есебіне сай, Өзбекстанда шетелдік капиталмен 19 490 компания жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.

Үш айда қазақстандық кәсіпкерлер Өзбекстанда 40-қа жуық компания құрған
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Көршілес елде қытайлық кәсіпорындардың үлесі басым. Ақпаннан бастап олардың қатары 397-ге көбейіп, жалпы саны 5 615-ке жетті.

Одан кейін 3 308 компаниямен Ресей тұр. Үштікті Түркия түйіндейді. Аталған елдің кәсіпкерлері Өзбекстанда жалпы саны 2 216 кәсіпорын құрған.

Сонымен қатар қазақстандық инвесторлардың да белсендігілі байқалады. Атап айтқанда, ақпаннан мамырға дейін біздің ел Өзбекстанда 38 кәсіпорын ашты. Осылайша, қазір ресми Ташкентте қазақстандық капиталмен жұмыс істейтін компаниялар саны 1 259-ға теңелді.

Еске салайық, биыл төрт айда 935 мыңнан астам қазақстандық демалысын Өзбекстанда өткізген.

Сонымен қатар алғашқы тоқсанда Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 1,3 млрд долларға жетті.