Үш баланың анасымын: адам папилломасы вирусына қарсы екпе алған алматылық

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Қазақстанда қыркүйек айынан бастап ата-анасының келісімімен 11 жастағы қыздарды адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы егу науқаны қайта жанданбақ.

Қарлығаш Қалиева
Фото: Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы

Осыдан 11 жыл бұрын халықтың қарсылығына байланысты вакцинация салу басталған бойда тоқтап қалып еді. Ресми деректерге сәйкес, 2013-2015 жылдары Алматы, Астана қаласы мен Павлодар және Атырау облыстарында 17 мың қыз вакцина алды.

Кazinform агенттігінің тілшісі қалалық денсаулық сақтау басқармасының көмегімен сол кезде вакцина салдырған қыздардың жағдайын анықтап көрді.

Қазақстан адам папилломасы вирусына қарсы екпе салуды Орталық Азияда бірінші болып қолға алған еді. Алайда, халықтың қарсылығына байланысты көп ұзамай тоқтап қалды. Бұған Павлодар облысында екі қыздың екпе салдырғаннан кейін есінен танып құлауы себеп болды.

Кейін Денсаулық сақтау министрлігінің жанындағы комиссия бұл оқиғаға қатысты зерттеу жүргізіп, қыздардың талып қалуы препараттан емес, вакцинация жүргізу тәртібінен деген қорытындыға келді. Бірақ вакцинация науқаны қайта жүргізілмеді.

Енді араға 11 жыл салып бағдарлама қайта жүзеге аспақ. ҚР Ұлттық вакцинация күнтізбесіне сәйкес және дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысымен АПВ-ға қарсы вакцинация биыл қыркүйек айында басталады.

Алайда, адам папилломасы вирусына қарсы вакцина туралы алып-қашпа әңгіме азайған жоқ. Әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде адам папилломасы вирусы (АПВ) вакцинациясы бедеулікке әкелетіні туралы ақпарат тарады.

Бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мамандар ғана емес, осы вакцинаны алып, ана атанған алматылықтар да айтып отыр.

Бақытнұр Махмұтова 14 жасында адам папилломасы вирусына қарсы вакцина алған. Қазір жасы 26-да тұрмысқа шығып, дүниеге бір бала әкелді.

«Мен 2017 жылы адам папилломасы вирусына қарсы вакцина алдым. Қазір жасым 26-да. Бір балам бар. Мен барлық аналарды қыздарына екпе салдыруға шақырамын. Қорқудың қажеті жоқ»,- дейді ол.

Вакцина алғандардың тағы бірі - Гүлнар Мырзахметова.

«Мен аталған вакцинаны 2013 жылы салдырған болатынмын. Қазір үш баланың анасымын»,-деді Алматы тұрғыны.

Онкологтардың айтуынша, адам папилломасы вирусына қарсы (АПВ) вакцина жатыр мойны обырынан және басқа да қатерлі ісіктерден қорғайды. Екпе аты «жаман аурудың» алдын алуға көмектеседі. Бұл елдегі болашақ ұрпақтың жатыр мойны обырын жоюға мүмкіндік беретін әлемдік қауымдастықтың ең үлкен жетістігі.

«Жыныстық белсенділікке дейін аталған екпені егу вирусты жұқтыру мүмкіндігін толығымен жояды және қатерлі ісік ауруының даму қаупін азайтады. Клиникалық зерттеулер көрсеткендей, адам АПВ тасымалдаушысымен байланыста болмаған жағдайда вакцина 91-100% тиімді. Бұл екпені денсаулықты қорғаудағы маңызды қадамға айналдырады», - дейді Алматы №36 қалалық емхананың дәрігері Қарлығаш Қалиева.

Айтуынша, АПВ екпесі міндетті күнтізбеге енгізілген елдерде жатыр мойны обырының сырқаттанушылық деңгейі айтарлықтай төмендеді. Бұл аталған екпе егу бағдарламасының жоғары тиімділігін көрсетеді.

«2024 жылдың қыркүйегінде басталатын науқан ата-ана мен қалың қауымның қолдауы мен түсінуін талап етеді. Вакцинация жатыр мойны обырынан болатын аурушаңдық пен өлім-жітімді айтарлықтай төмендетуі мүмкін, бұл болашақта аталған мәселені толығымен жою туралы айтуға мүмкіндік береді», - деп түйіндеді дәрігер.

Соңғы жаңалықтар