Үш баланың өмірін қиған жол апаты: күдіктіге жүргізуші куәлігін бергендер анықталып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Абай облысындағы үш баланың өмірін қиған жол апатына қатысты күдікке ілінген жүргізуші эпилепсиямен есепте тұрғанымен, қалайша жүргізу куәлігі болғаны тексеріліп жатыр. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ержан Саденов айтты.

Бүгін Парламент Мәжілісіндегі баспасөз мәслихатында тілшілер Абай облысында эпилепсиямен ауыратын адамға неліктен жүргізуші куәлігі берілгенін сұрады. Е.Саденов аталған жүргізушіге куәлік 2006 жылы берілгенін және оған рұқсат бергендер қазір анықталып жатқанын айтты.
- Қазір іс қозғалды. Күдікті адам қамауда отыр. Ол кісі туралы БАҚ-та және әлеуметтік желілерде түрлі мәлімет тарап жатыр. Атап айтқанда, қылмыстық іс аясында бәрін нақты тексереміз. Куәлікті берген кісіні анықтаймыз. Оны 2000-шы жылдары алса, куәліктің мерзімі (жарамдылық мерзімі) болады ғой? Куәлікті (әр 10 жыл сайын) жаңартып қайтадан алатын кезде медициналық картаны және басқа да құжаттарды тапсырады. Осының бәрін тексереміз. Ешкім де жауапкершіліктен кетпейді, - деді министр.
Еске салсақ, биыл тамыз айында Абай облысы Үржар ауданында 55 жастағы Toyota көлігінің жүргізушісі рульге ие бола алмай, үй қақпасының жанында, жолдан 10 метр қашықтықта тұрған кәмелетке толмаған балаларды қағып кеткен.
Полицияның хабарлауынша, жол апаты салдарынан екі бала оқиға орнында көз жұмған, тағы біреуі ауруханаға барар жолда қайтыс болған. Үш жасөспірім түрлі жарақаттармен медициналық мекемеге жеткізілді.
Жүргізуші екі айға қамауға алынды.