Үш қалада қайта өңдеуге жатпайтын қалдықтарды кәдеге жарату зауыты салынады

АСТАНА. KAZINFORM - Еліміздің республикалық маңызы бар үш қаласында қайта өңдеуге жатпайтын қалдықтарды кәдеге жарату зауыттары салынады. Бұл туралы жыл қорытындысына орай БАҚ өкілдеріне арналған брифингте Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев айтты.

а
Фото: pixabay

- Елімізде жыл сайын 4,5 миллион тоннадан астам коммуналдық қалдық пайда болады. 2024 жылы қалдықтарды қайта өңдеу деңгейі 25,8 пайызды құраса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 28,6 пайызға дейін өсті. Сонымен қатар, утильтөлем қаражаты есебінен жобаларды жеңілдетілген қаржыландыру механизмі аясында қалдықтарды басқару саласында 63 жоба мақұлданды. Оның ішінде 22 жоба 89,4 млрд. теңгеге қаржыландырылды (жалпы 185 млрд. теңге қарастырылған). 

Бұл - қоқыс тасымалдайтын көліктер, сұрыптау және қалдықтарды қайта өңдеу жобалары, - деді министр. 

Оның айтуынша, жоспарланған жобаларды жүзеге асыру 2030 жылға қарай қалдықтарды қайта өндеу деңгейін 40 пайызға жеткізуге мүмкіндік береді.

- Рұқсат етілмеген қоқыс полигондарын анықтау және жою бойынша жүйелі жұмыс жалғасуда. Ішкі істер органдарымен бірлескен рейдтер барысында 3 мыңнан астам заң бұзушылық анықталды. Сондай-ақ, биыл ғарыштық мониторинг арқылы 3 827 қоқыс полигоны анықталып, оның 3 464-і немесе 91 пайызы жойылды. 2018 жылмен салыстырғанда қоқыс полигонының саны 45 пайызға азайды, бұл оң нәтиженің дәлелі, - деді ол. 

Министр Астана, Алматы және Шымкент қалаларында қол қойылған инвестициялық келісімдер аясында жалпы құны 293 млрд теңгені құрайтын 3 қайта өңдеуге жатпайтын қалдықтарды кәдеге жарату зауытын салу жоспарланғанынайтты. Құрылыс мерзімі 2–3 жыл.

- Биыл біз қалдықтарды басқару тұжырымдамасын әзірледік. Бұл құжат қалдықтарды түгендеуді, цифрландыруды және барлық процестерге тұрақты мониторинг жүргізуді көздейді, - деді Ерлан Нысанбаев.

Айта кетейік, елордада жыл басынан бері 338 заңсыз қоқыс орны жойылды.

Соңғы жаңалықтар