Үш қалада қоқыс жағатын зауыттар салынады

АСТАНА. KAZINFORM – Еліміздің үш ірі қаласында қоқыс жағатын зауыттар салынады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев мәлім етті.

За нарушение экологического законодательства с NCOC взыскали 3,6 млрд тенге
Фото: pixabay.com

- Астана, Алматы және Шымкент қалаларында толықтай шетелдік инвестициялар есебінен 3 қоқыс өртейтін зауыт салу жоспарланып отыр. Биыл инвесторлармен тиісті келісімдерге қол қойдық. Инвестициялардың жалпы көлемі – 293 млрд теңге. Құрылыс мерзімі – 2 жыл, - деді Ж. Әлиев Үкімет отырысы қалдықтардың барлық түрін басқару жөніндегі тұжырымдама жобасын таныстыру кезінде.

Оның айтуынша, тұжырымдаманы тиімді іске асыру үшін қалдықтарды басқару жүйесін институционалдық тұрғыдан нығайту қажет. Халықаралық тәжірибеге сәйкес, «Жасыл дамуға» қалдықтарды басқарудың Ұлттық орталығы мәртебесін беру көзделіп отыр. Ұлттық орталық саланы цифрландыру, сенімді статистиканы қалыптастыру, қалдықтың қозғалысын бақылау және бизнес пен инвесторлар үшін ашықтықты қамтамасыз ету бағытында жұмыс істейді. Бұл қалдықты басқарудың заманауи, стандартталған және тиімді жүйесіне көшу үшін қажет.

Тұжырымдама жобасында қалдықты жүйелі басқаруға көшуді көрсететін мынадай нысаналы индикаторлар көзделген:

  • радиоактивті қалдықты қоспағанда, қалдықтың барлық түрлерін 100 процентке түгендеу; 
  • өнеркәсіптік қалдықтарды қайта пайдалану үлесін 10 пайызға арттыру; 
  • полигонға жіберілетін коммуналдық қалдық көлемін кемінде 10 процентке төмендету.

- Осы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін тиісті іс-шаралар жоспары әзірленді. Оны орындау орталық және жергілікті атқарушы органдардың келісілген жұмысын талап етеді, - деді вице-министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, елде коммуналдық сектордағы қалдықтардың 25 пайызы ғана қайта өңделеді.

Соңғы жаңалықтар