Үш күн ішінде ел полицейлері жалпы сомасы 80 миллион теңгені құрайтын контрафактілік өнім тәркіледі

АСТАНА. 12 маусым. ҚазАқпарат - Маусымның 4-і мен 6-сы аралығында республика аумағында еркін айналымға тыйым салынған ақпараттар мен өнімдерді таратуға қатысты, сондай-ақ ақпараттық технологияларды, оның ішінде интернет желісін пайдалану арқылы жасалатын өзге де қылмыстарды анықтауға, жолын кесуге және ашуға бағытталған «Контрафакт» жедел алдын алу шаралары өтті. Бұл туралы ҚР ІІМ баспасөз қызметінен хабарлады.

Үш күн ішінде ел полицейлері жалпы сомасы 80 миллион теңгені құрайтын контрафактілік өнім тәркіледі

Операция барысында криминалдық полиция бөліністері 256 құқық бұзушылықты анықтады. Заңсыз айналымнан 28 мыңға тарта контрафактілік өнімді, соның ішінде порнографиялық мазмұндағы дисктер мен контрафактілік ұялы телефондарды тәркілеп алды.

Еркін айналымнан шығарылған өнімдердің жалпы құны шамамен 80 млн. теңгені құрайды. Жедел алдын алу шаралары кезінде аудио-бейне өнімдер сатылатын орындар, компьютерлік клубтар, интернет-кафе, компьютер техникаларын сататын және жөндейтін фирмалар тексерілді.

Тексеріс барысында контрафактілік өнімдер дайындайтын 5 жасырын цех (Алматы қ., Ақтөбе облысы және ШҚО) анықталып, контрафактілік өнімдерді республика аумағына кіргізетін 2 арнаның жолы кесілді (Алматы облысы ІІД).

Барлық анықталған құқық бұзу фактілері бойынша сараптама тағайындалды, сараптама нәтижелері негізінде процессуалдық шешімдер қабылданатын болады.