19:00, 04 Ақпан 2009 | GMT +5
Үш күндік рейд кезінде заңсыз айналымнан 808 дана диск тәркіленді
АҚТАУ. Ақпанның 4-і. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Ақпан айының 2-сі мен 6-сы аралығында еліміз бойынша жарияланған «Контрафакт» шұғыл алдын алу шарасының алғашқы екі күнінде облыстық Әділет департаменті мен Ішкі істер органдарының қызметкерлері заңсыз айналымнан 808 дана дискі тәркіледі.

Сондай-ақ «қарақшылық» бейне және аудио өнімдерінің сатылуына байланысты 8 деректің жолын кесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Әділет департаментіне сілтеме жасап. «Ақтауда дыбыс-бейне өнімдер сатылатын заңды сауда нүктелері аз емес. Оған қоса, «қарақшылық» жолмен дискілерді сатып, салық төлеуден жалтаратын саудагерлердің қатары да күрт артып отыр. Олар көбіне халық көп шоғырланатын орындарды маңайлайды. Мәселен, сапасыз әрі қарақшылық жолмен көшірілген дискілер «Аман» және «Волна» сауда орталығы мен базардың маңында сатылады. Сатушылар бұл іске жұмыс жоқтықтан баратындықтарын айтады», - дейді облыстық әділет департаменті санаткерлік меншік құқығы жөніндегі бөлім бастығының міндетін атқарушы Ерғали Рахметов. Заң қызметкерлері оңай олжа табуды көздегендердің кесірінен мемлекетке келтірілген шығын мөлшерін 404 мың теңгеге бағалап отыр. «Контрафакт» өнімдерін жеміс-жидектің, киімдердің арасына жасырып сататындар да кездеседі. Лицензиялы дискілер Ақтауда 1200-1500 теңге тұратын болса, олардың «пираттық» даналары 200 бен 500 теңгенің аралығында.