Үш мемлекет Халықаралық қылмыстық соттан шығатынын жариялады
АСТАНА. KAZINFORM — Мали, Буркина-Фасо және Нигер Халықаралық қылмыстық соттан шығатынын жариялады, деп хабарлайды Анадолы.
Үш мемлекеттің бірлескен мәлімдемесінде Халықаралық қылмыстық сот әскери қылмыстар мен геноцидті тиімді қудалауға қабілетсіз болып шықты деп айтылған.
Үш мемлекет жариялаған бірлескен мәлімдемеде олар ХКК «неоколониалдық қысымның құралына» айналғанын және оның аясындағы әділдік таңдаулы түрде қолданылғанын мәлімдеді. Демек, олар Сотты құрған Рим статутынан бас тартуға шешім қабылдады.
Құжатта Халықаралық қылмыстық соттың әскери қылмыстарды, геноцид пен адамзатқа қарсы қылмыстарды тиімді түрде қудалай алмағаны, оның орнына империалистік державалардың мүддесін қорғайтын тетікке айналғаны айтылған.
Сонымен қатар, шығу туралы шешім дереу күшіне енетіні және болашақта ұлттық құндылықтарға негізделген жергілікті және өңірлік әділет органдарын құру жоспарланып отырғаны хабарланды.
Бұған дейін, наурыз айында, Мали, Нигер және Буркина-Фасо Сахель альянсының қылмыстық және адам құқықтары жөніндегі сотын құру ниеттерін жариялаған еді.
Айта кетелік Мажарстан парламенті халықаралық қылмыстық соттан шығу туралы заң жобасын мақұлдаған еді.