Алғашқы АЭС Қазақстанға әлемдік нарықтағы бәсекелестігін арттыруға көмектеспек
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алғашқы АЭС Қазақстанның электр энергиясының шамамен 20%-ын қамтамасыз етіп, әлемдік нарықта отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыра алады. Бұл туралы «Росатом» корпорациясының өкілдері хабарлады.
«Әлемдік атом күндері — 2026» халықаралық форумы аясында Kazinform тілшісінің сұрағына жауап берген «Росатом» мемлекеттік корпорациясы бас директорының бірінші орынбасары — даму және халықаралық бизнес бөлімінің директоры Кирилл Комаров атом энергетикасының дамуы Қазақстан экономикасын қаншалықты маңызы екенін түсіндірді.
Оның айтуынша, Орталық Азия бүгінде «Росатом» үшін басты нарықтардың біріне айналған. Бұл — аймақтың қарқынды экономикалық дамуына, халық санының өсуіне және электр энергиясына деген қажеттіліктің артуына байланысты.
— 2025 жылы Орталық Азияның барлық елдері бойынша орташа ЖІӨ өсімі 7%-дан асты. Бұл жалпыәлемдік қарқынан айтарлықтай жоғары. Көрсеткіш халықтың көбейіп жатқанын, экономиканың өсіп жатқанын, сол себепті энергияға деген қажеттіліктің артып келе жатқанын көрсетеді. Ал энергия — экономикалық өсу, өркендеу және адамдардың өмір сүру деңгейін жақсартудың бастауы, — деді Кирилл Комаров.
Сондай-ақ ол Қазақстан мен Өзбекстан әлемдегі ең ірі уран қорына ие екеніне назар аударды. Айтуынша, бұл аталған елдерде өзіндік атом энергетикасын дамыту үшін қосымша мүмкіндіктер береді.
АЭС мүмкіндіктері
«Росатомның» аймақтағы ең ірі жобаларының бірі — Қазақстанда алғашқы атом электр стансасын салу болмақ. Жоба қуаты әрқайсысы 1 200 МВт болатын екі энергоблоктың құрылысын қарастырады.
— Қазақстанда әрқайсысы 1 200 мегаватт болатын екі блоктан тұратын АЭС салу жобасы жүріп жатыр. Осы екі блок Қазақстанның барлық электр энергиясының шамамен 20%-ын өндіретін болады. Бұл экология және адам денсаулығы тұрғысынан ғана емес, ең алдымен әртүрлі тауар түрлерін шығаратын қазақстандық өндірушілер үшін маңызды, — деді Кирилл Комаров.
Оның айтуынша, атом энергетикасын дамыту қазақстандық өнімнің халықаралық нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін арттыратын себептердің бірі болады.
Бүгінгі таңда шетелдік тұтынушылар өнімнің, соның ішінде металдардың, өнеркәсіптік жабдықтардың және басқа да тауарлардың көміртек ізіне жиі талаптар қояды. Осындай жағдайда төмен көміртекті электр энергиясын пайдалану қазақстандық кәсіпорындарға қосымша артықшылықтар бере алады.
— Қазақстан бүгінде әлемнің көптеген мемлекеттерімен жұмыс істейді, өз өнімін Еуропаға да, АҚШ-қа да, Азия нарықтарына да экспорттайды. Ал ондағы тұтынушылар мынадай талап қояды: көміртек ізін көрсетіңіз, металл өндіру немесе қандай да бір жабдықты жасау үшін қандай энергияны пайдаланғаныңызды көрсетіңіз, — дейді спикер.
Атом саласы үшін өз кадрларын даярлау
Өзара ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты — мамандарды даярлау. Қазақстан мен Өзбекстанда Ұлттық зерттеу ядролық университетінің (МИФИ) филиалдары жұмыс істейді.
Кирилл Комаровтың айтуынша, бүгінде осы екі филиалда 500-ге жуық студент оқып жатыр. Сонымен қатар Орталық Азия елдерінің өкілдері ресейлік жоғары оқу орындарында ядролық және оған сабақтас мамандықтар бойынша білім алып жатыр.
— МИФИ филиалдарында оқып 500-ге жуық жас өз елдерінің болашақ ядролық элитасына айналады. Бұл өз елдерінің игілігі үшін ядролық технологияларды пайдалануға қабілетті ұлттық кадрлар, — деп атап өтті ол.
Қазақстан үшін өз мамандарын даярлау атом энергетикасын дамыту жоспарына байланысты ерекше маңызға ие. Бұл болашақ АЭС-терде жұмыс істейтін мамандар ғана емес, сондай-ақ ядролық физика, ғылыми зерттеулер және атом технологияларын әртүрлі салаларда қолданатын кадрлар болмақ.
Орталық Азияда қандай жобалар жүзеге асырылып жатыр
Қазақстаннан басқа, ірі энергетикалық жоба Өзбекстанда жүзеге асырылып жатыр. Кирилл Комаров сөзінше, болашақ АЭС екі ВВЭР-1000 энергоблогын және шағын қуатты екі энергоблокты біріктіреді. Оның бағалауы бойынша, станция ел электр энергиясының шамамен 15%-ын қамтамасыз ете алады. Сондай-ақ өңірдегі ынтымақтастық ядролық медицина мен экологиялық жобаларды да қамтиды.
Сондай-ақ «Росатом» Қырғыз елінің астанасы Бішкекте онкологиялық орталықты іске қосу жұмыстарына қатысып жатыр. Ресейлік корпорация онкологиялық, жүрек-қан тамырлары және неврологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеу үшін қолданылатын медициналық изотоптарды жеткізеді. Тағы бір бағыт — Қырғызстан мен Тәжікстандағы уран қалдықтары қоймаларымен жұмыс істеу, сондай-ақ қауіпті өнеркәсіптік қалдықтармен жұмыс істеу технологияларын қолдану.
Еске салайық, бұған дейін «Росатом» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачев Қазақстандағы алғашқы АЭС-тің құрылысы қашан басталатынын айтып берді.