Үш мыңнан астам әскери қызметші тасқын сумен күресіп жүр – министрлік

тасқын су
Фото: Қорғаныс министрлігшінің баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM – Еліміздің Қарулы күштері су басқан өңірлердің тұрғындарын эвакуациялау, су тасқыны қаупі бар аймақтарда бөгет қою, тұрғындарға азық-түлік пен қажетті заттарды жеткізуге көмектесіп жатыр. Толығырақ Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Руслан Жангулин айтып берді.

«Су тасқынына қарсы іс-шараларға Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінен 3 169 әскери қызметші, 242 бірлік автомобиль техникасы, 4 армиялық авиация тікұшағы, 3 әскери-көліктік ұшақ, 2 Ұлттық ұлан авиациясы жұмылдырылды. Әскер авиациясы елді мекендерден 293 адамды эвакуациялады, 15 адам және 11,7 тонна жүк тасымалданды. Сонымен қатар Петропавл, Орал, Атырау облыстарына әскери-көліктік авиация ұшақтарымен гуманитарлық көмек жеткізілді. Әскери ұшқыштар барлығы 2 951 адамды, оның ішінде 811 баланы эвакуациялады», - деді Руслан Жангулин ОКҚ-де өткен брифингіде. 

Оның айтуынша, Қарулы күштер жеке құрамының күшімен өзендер, көлдер мен елді мекендер маңындағы су жағалауларына 174 мыңнан астам қап құм төселді. 

Одан әрі Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Қарулы күштердің көмегімен атқарылып жатқан жұмыстар туралы әр өңірге жеке тоқталды. 

Су тасқыны
Фото: БҚО ТЖД

Ақтөбе облысы

Ойыл елді мекенінің ауданында әскери инженерлер паром өткелін жасады. Бұл паром арқылы барлығы 1568 адам, 137 бірлік техника және 20 тоннадан астам жүк тасымалданды.

Ақтөбе гарнизоны әскери қызметшілерінің біріккен жасағы Құрылыс және Жайсаңбай елді мекендерінде су тасқынының алдын алу бойынша көмек көрсету міндеттерін орындады.

Атырау облысы 

Махамбет, Жаңаталап, Талқайран және Сарайшық ауылдарының айналасына құм толтырылған қапшықтарды дайындау, оларды қалау (қою) жұмыстары жүргізілді, сондай-ақ Жайық және Орал өзендерінің арнасын күшейтуге жұмылдырылды. 

Махамбет, Есбол, Еңбекші, Аққайың, Ақтоғай, Жалғансай, Есіпбол, Құрылыс, Индербор, Өрлік елді мекендерінің, Алмалы, Память Ильича, Балықшы елді мекендерінің, Ақжар-Ақсай ауданының айналасындағы Жайық өзенінің бөгеттері мен жағалау бойын нығайтуға «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері жіберілді. 41 мыңнан астам қап құм дайындалып, төселді.

Ақтау авиабазасының экипажы барлау соққы беруші ұшқышсыз басқарылатын құрылғысының көмегімен Ақтау-Атырау-Ақтау бағыты бойынша әуе бақылауын және әуе барлауын жүргізуді жалғастыруда.

әскер
Фото: Қорғаныс министрілігінің баспасөз қызметі

Батыс Қазақстан облысы

Қарулы күштердің әскери қызметшілері құм салынған қаптарды дайындап, төсеу, су басуы ықтимал жерлерді нығайту бойынша жұмыстар жүргізді, Жайық өзені арнасының жағалауы тосқауыл бөгеттермен күшейтілді. Осы сынды жұмыстар Бумакөл ауылында және Байтерек ауданының 9 елді мекенінде орындалды.
Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілері Набережная, Подстепное, Байқоңыс, Дарьинское, Рубежное ауылдарында бөгеттер тұрғызды. Барлығы 12 мыңнан астам қап құм дайындалып, төселді.

Солтүстік Қазақстан облысы

Әскери қызметшілер Петропавл қаласының «Қызылжар Су» су арнасының аумағында, Бескөл ауылында жұмысын жалғастырып, қала маңындағы айналма жолды нығайту міндеттерін орындады. Автоцистернаның көмегімен елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету ұйымдастырылды. 

Ақмола облысы 

Есіл ауданы Заречный ауылында елордалық ерекше мақсаттағы бригаданың әскери қызметшілері тіршілік ету объектілерін (әкімдік, су сорғы станциясы, наубайхана, мектеп, телевышка) электр қуатымен қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастырды.

Шығыс Қазақстан облысы 

Әскери қызметшілер Марқакөл ауданы Боран ауылы маңындағы жолдың қираған учаскесінде жабдықталған көпір өткелі арқылы адамдар мен көлікті өткізуді жүзеге асырды.

Соңғы жаңалықтар