Үш облыс пен «Семей орманы» резерваты орман өртіне дайын емес

орман өрті
Фото: gov.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Резерват басшылығына қатысты шаралар қолданылып жатыр. Бұл туралы вице-премьер Қанат Бозымбаевқа өрт қауіпі бар кезеңге дайындық жөніндегі кеңесте баяндалды. 

Қазақстанның солтүстігі мен батысында су тасқынымен күресіп жатқанда, бірқатар өңірлерде өрт қауіпті маусымы басталды. Солтүстік Қазақстан облысынан оралған вице-премьер ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың, сондай-ақ ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтың есебін тыңдады.

Бүгінгі таңда ТЖМ-де 441 өрт сөндіру бөлімшелері бар. Өңірлерде 230 ерікті құралым, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың 709 бекеті құрылды. Вице-премьер мемлекеттік өртке қарсы қызмет жоқ жерде тағы 49 өрт сөндіру бекетін құруды жеделдетуді тапсырды.

бөлімшесі
Фото: «Семей орманы» резерваты

«Өрт қауіпті кезеңге дайындық шеңберінде 272,5 млн га алаңда ғарыштық мониторинг жүргізілуде, алайда жер серіктерден алынған деректер ел аумағы толық ұшқаннан кейін бірнеше сағаттан кейін ТЖМ станциясына жіберіледі. Бүгінде ЦДИАӨМ виртуалды станция құру бойынша жұмыс атқарылып жатыр, бұл өртті бекіту мен ғарыштық түсірілімді спутниктен түсіру арасындағы уақытты 20-40 минутқа дейін қысқартуға мүмкіндік береді», - делінген хабарламада.

Орман қорының қауіпсіздігі және өрт қаупі бар маусымға дайындық Президент пен Үкіметтің ерекше бақылауында. Осылайша, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі 158 мемлекеттік орман иеленушіні тексерді. Тексеру қорытындысы бойынша ведомство басшысы Ерлан Нысанбаев «Семей орманы» резерватының, сондай-ақ Павлодар, Ақмола, Қостанай облыстарының ықтимал өрттерге дайын еместігін мәлімдеді.

Өрт
Фото: «Семей орманы» резерваты

Кемшіліктердің қатарында ЖЖМ сатып алудың және резервінің жоқтығы, орман өрт сөндіру станциялары ғимараттарының авариялық жай-күйі не олардың болмауы, өрт сөндіру мұнараларының жетіспеушілігі, арнайы техниканың тозуы анықталды.

Мысалы, Павлодар облысында «Ертіс Орманы» резерватын тексеру барысында қолда бар патрульдік және өрт сөндірушілердің барлығы есептен шығарылатыны анықталды. Сондай-ақ, жиі кездесетін кемшіліктердің тағы бір легі — рациялардың жоқтығы және арнайы киімдердің жетіспеушілігі.

Өрт сөндіру
Фото: «Семей орманы» резерваты

Қанат Бозымбаев атап өткендей, өткен жылғы «Семей Орманы» резерватының трагедиясы қайталанбауы тиіс және анықталған кемшіліктерді жою бойынша шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды.

«Абай және Қостанай облыстарында болған ірі табиғи өрттердің салдары әлі де есімізде. Әрбір қызметкерді өртке қарсы арнайы киіммен, рациялармен және қажетті құрал-жабдықтармен міндетті түрде қамтамасыз етуге ерекше назар аударғым келеді», — деп атап өтті Қанат Бозымбаев.

Кеңес қорытындысы бойынша вице-премьер өңірлердің әкімдіктеріне бір апта көлемінде табиғи өрттердің пайда болу қаупін төмендету бойынша өңірлік іс-шаралар жоспарын әзірлеуді және бекітуді тапсырды.

«Облыс әкімдері өңірлік іс-шаралар жоспарларын іске асыруға дербес жауапты», — деп еске салды Қанат Бозымбаев.

Өңірлік іс-шаралар жоспарын іске асыруды бақылау ТЖМ-ге жүктелген болатын. Сондай-ақ, бір апталық мерзімде ТЖМ аэровизуалды мониторинг жүргізу және өртті сөндіру үшін ұсынылатын тікұшақ қызметтерінің көлемін ұлғайту бойынша ұсыныс енгізу тапсырылды.

бөлімшесі
Фото: «Семей орманы» резерваты

Экология министрлігіне орман қоры аумағында өрттерді алдын ала анықтау жүйесін орнату әрі орман және табиғатты қорғау мекемелерін материалдық-техникалық жабдықтау жұмыстарын жандандыруды тапсырды. 

Ал, Ішкі істер министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, өрт қаупі жоғары кезеңде жеке тұлғалардың орман қоры аумағында болуына жол бермеу, оның ішінде ықтимал өртеуден сақтау шараларын қабылдау және мұндай фактілер анықталған жағдайда жауапкершілікке тарту жөнінде тапсырма қойылды. 

Соңғы жаңалықтар