Үш облыста экономикалық тергеу департаментінің басшылары тағайындалды
Абай облысы бойынша экономикалық тергеу басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы болып Нұрлан Кәрімов тағайындалды.
Нұрлан Кәрімов 1981 жылы 11 мамырда Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Қаржы полициясы академиясын, «Еуразия» Батыс Қазақстан басқару және тілдер институтын бітірген.
Экономикалық тергеу қызметінің полковнигі.
Еңбек жолын 2002 жылы бастады. Әр жылдары қаржы полициясында тергеуші, аға тергеуші қызметтерін атқарған. Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінде, Қаржы министрлігінде, экономикалық тергеу органдарында басшылық қызметтерді атқарған.
Жетісу облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы қызметіне Талғат Таңатаров тағайындалды.
Талғат Тұрғауытұлы 1966 жылы 20 ақпанда Қарағанды облысында дүниеге келген. Новосібір жоғары әскери-саяси құрама қарулар училищесін, Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін, РФ Президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясын бітірген.
Экономикалық тергеу қызметінің полковнигі.
Еңбек жолын 1989 жылы Қарулы Күштер қатарында бастады. Әр жылдары ҚР Ішкі әскерлерінің тергеушісі, әскери прокурорының көмекшісі, Қарағанды гарнизонының әскери прокуроры және ҚР Бас әскери прокурорының орынбасары қызметтерін атқарды. Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес органдарында, Қаржы министрлігінде, экономикалық тергеу органдарында басшылық қызметтерді атқарған.
Ұлытау облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы қызметіне Ерік Есенов тағайындалды.
Ерік Есенов 1983 жылы 26 сәуірде Көкшетау облысында дүниеге келген. Қаржы полициясы академиясын бітірген, экономикалық тергеу қызметінің полковнигі.
Еңбек жолын 2004 жылы бастады. Қаржы полициясында тергеуші, департамент бастығының орынбасары, департамент бастығы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаменті басшысының орынбасары, БҚО бойынша экономикалық тергеу департаменті бастығының орынбасары қызметтерін атқарды.