Үш тұғырлы тіл саясаты - жастардың жарқын болашаққа жолы

Үш тілде білім беруді Қазақстан мектептері егемендік алғаннан бері біртіндеп тәжірибеге енгізіп келеді. Ол қазақ түрік лицейі мен Назарбаев зияткерлік мектептерінде жүзеге асуда. Нәтижесі керемет! Алтыншы сынып бітіретін оқушылар жапа-тармағай сол мектептерге түсуге талпынады. Неге? Әрине, болашағы зор болғандықтан. Ендеше сол мүмкіндік жалпыға білім беретін мектептер мен лицей, гимназияларға да туып тұр ғой. Иә, жұрттың дау туғызып жатқаны, бастауыштан бастап ағылшын тілін енгізу мәселесі болатын.
Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді» - деген ескерту айтқан болатын. Дегенмен, «Үш тұғырлы тілдің» мәнін, маңызын, халық пен болашақ ұрпаққа беретін үлкен пайдасын көпшілік ұғына алмауда. Одан бөлек, Президентіміз 2020 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгергендердің қатары 95 пайызға дейін жететініне кепілдік беріп отыр. Ескерте кетуіміз керек, елбасымыз әлемдік саяси аренада өз беделі бар, бүкіл әлемді бақылауға алып отырған БҰҰ-ның бас хатшысы Пан Ги Мун үлкен құрметпен қарайтын, жер жүзінде алғашқы өз еркімен ядролық қарудан бас тартқан, бейбітшілікті сүйетін және белсенді насихаттап жүрген үлкен тұлға. Демек, әлемдік беделі бар үлкен тұлғаның әрбір сөзінен күмән, күдік іздеудің өзі бізге, халыққа сын. Президентіміз берген уәдесін орындай алатын Қазақстанның №1 жауапты тұлғасы. Осыны есте сақтаған жөн.
Негізінен, бастауыштағы білім ана тілінде оқушы бойына сіңіріліп, ағылшын тілі жетінші сыныптан бастап дәл КТЛ мен НИШ-тағыдай тіл үйретіп барып, жоғарғы сыныптарда информатика, химия, биология, физика пәндерін ағылшын тілінде оқытса жөн болар еді дер едім. Себебі, жоғары сынып оқушылары қалай дегенмен оңы мен солын танып қалаған балалар. Олардың алдында мамандық таңдау, оқу орнын таңдау мәселесі тұр, сондықтан, олардың тілдерді жетік меңгеруге қызығушылығы да зор болады. Әрі ана тілі туралы да оң көзқарасы қалыптастын кез.
«Үш тұғырлы тілдің», шын мәнінде, мемлекеттік тілге мүлде зияны жоқ. Бұл жерде мәселе сол стратегияны, сол саясатты дұрыс жүргізуде, жарқын болашақта нәтижесінің оң болуын қамтамасыз етуде болып отыр. Мәселен, Орыс тілі мен ағылшын тілін оқытатын мұғалімдер міндетті түрде қазақ тілін, яғни мемлекеттік тілді өте жақсы білуі тиіс. Жоғары оқу орнында да ағылшын мен орыс тілін қазақ тілімен біріктіріліп ғана оқытылуы керек. «Үш тұғырлы тілді» тек мәдениетаралық қатынас негізінде қарап, ақпарат алмасу, білім үйрену, тәжірибе жинау үшін үйретіледі.