Үш жылда 138 гидротехникалық нысанға көпфакторлы тексеру жүргізілді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасының су саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес, республикалық меншіктегі 168 гидротехникалық нысанға көпфакторлы тексеру жүргізу көзделген. 2024 жылдың басынан бері бүгінге дейін Су ресурстары және ирригация министрлігі 138 гидротехникалық нысанды тексерді.

гидротехникалық нысан
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Бұл кешенді жоспарда қамтылған нысандардың жалпы санының шамамен 82%-ына тең.

Тексерілген нысандардың қатарында Ақтөбе облысындағы Ақтөбе және Қарғалы су қоймалары, Алматы облысындағы Бартоғай және Күрті су қоймалары, Шығыс Қазақстан облысындағы Үйдене су қоймасы, Жамбыл облысындағы Теріс-Ащыбұлақ су қоймасы, Батыс Қазақстан облысындағы Бітік және Пятимар су қоймалары, Қарағанды облысындағы Ынтымақ су қоймасы және Қостанай облысындағы Жоғарғы Тобыл су қоймасы бар. Жыл соңына дейін тағы 10 гидротехникалық нысанды тексеру жоспарланған.

Министрлік мәліметінше, келесі жылы қалған 20 нысан тексеруден өтеді. Көпфакторлы тексеру су шаруашылығы нысандарының жай-күйін бақылау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет. Мұндай тексерулер жөндеуді қажет ететін нысандарды дер кезінде анықтауға, сондай-ақ апаттар мен су бөгеттерінің бұзылу қаупінің алдын алуға мүмкіндік береді.

Тексеру қорытындысы бойынша нысанның қауіпсіздік декларациясы әзірленіп, тәуелсіз сараптамаға жіберіледі.

- Кешенді жоспарда көзделген іс-шараларды іске асыру жұмыстары жалғасып жатыр және министрліктің тұрақты бақылауында. Көпфакторлы тексерулер гидротехникалық құрылыстардың техникалық жай-күйі туралы өзекті мәлімет алуға, ықтимал қауіптерді дер кезінде анықтауға және олардың сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды белгілеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар тексеру нәтижелері жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарына қатысты негізделген ұсыныстар әзірлеуге жол ашады, - деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Сәлімов.

2030 жылға қарай су үнемдеу технологиялары қолданылатын алқаптар 1,3 млн гектар болатынын жазған едік.