Үш жылда бюджет тапшылығын екі есеге жуық төмендетеміз — Олжас Бектенов

АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министр Олжас Бектенов Парламент палаталарының бірлескен отырысында бюджет тапшылығын қалай төмендететіндерін айтты.

Парламент палаталарының бірлескен отырысы
Фото: Үкімет

— Жалпы экономикалық ахуал тұрақты. Бірақ сіз айтып өткен мәселелер жоқ емес, бар. Олар бір күнде пайда болған мәселе емес, бірнеше жылдар бойы қалыптасып жатқан проблема. Үкімет оның бәрін шешу үшін белсенді жұмыс атқарып жатыр. Үкіметтің бастамасымен елімізде салық реформасы жүріп жатыр. Осы жуырда ғана жаңа Салық кодексі қабылданды. Жаңа Салық кодексінің арқасында біз келесі жылдан бастап республикалық бюджетке шамамен 3 трлн теңгеден астам қосымша түсім түседі деп есептейміз. Бұл ақшаның бәрі тек даму мақсаттарына бағытталады. Яғни кезекте инфрақұрылымдық нысандарды іске қосу, электр қуаты көздерін, автомобиль және теміржол желісін дамыту, инженерлік желілерді жаңғырту сияқты өте маңызды міндеттерге жолданады. Бұл салалар ұзақ мерзімді, тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етуге негіз қалайды, — деді ол депутат Ерлан Саировтың сұрағына берген жауабында.

Айтуынша, Үкімет осы бағыттарда белсенді әрі тиімді жұмыс жасаса, елімізде тұрақты экономикалық өсім болады.

— Осының нәтижесінде салық базасы кеңейіп, республикалық бюджетке қосымша қайтадан түсімдер түседі. Соның арқасында мемлекет өз міндеттемелерін әрі қарай да міндетті түрде орындайды. Қазір біз келесі 3 жылға арналған республикалық бюджет жобасын дайындап жатырмыз. Өте қызу жұмыс жүріп жатыр. Алдын ала айтатыным, біз 2026 жылы бюджет тапшылығын қазіргі 2,7 пайыздан 2,5 пайызға дейін, 2027 жылы 1,8 пайызға дейін, 2028 жылы 1,4 пайызға дейін төмендетеміз деп жоспарлап жатырмыз, — деді Үкімет басшысы.

Айта кетейік, Үкімет үйінде Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп жатыр

Соңғы жаңалықтар