Үш жылда «Балапан» 132 мың орынға көбейеді - ҚР БҒМ
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2017-2019 жылдар аралығында «Балапан» бағдарламасы тағы 132 мың орынмен толығады. Бұл туралы бүгін Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мəлім етті.
«Қазақстандағы тоғыз жарым мың мектепалды білім беретін мекеменің 25 пайызы - жекеменшік. Бұл көп емес. Сондықтан, «Балапан» бағдарламасы аясында жекеменшік балабақшалардың саны артады деп ойлаймыз. Бүгінде жекеменшік балабақшада тәрбиеленіп жатқан 202 мың баланы 88 пайызы «Балапан» бағдарламасы аясында бөлінген қаржы есебінде тәрбие алып жүр»,- деген министр мектепалды білім беру бағытындағы жоспарын айтты.
«2017-2019 жылдар аралығында «Балапан» бағдарламасы тағы 132 мың орынмен толығады. Сонымен қатар, біз мемлекеттік тапсырыс ережесіне өзгеріс енгіздік. Мысалы, бұрын бала балабақшаға бір күн келмей қалса, онда балабақша сол ақшаны санап, мемлекетке қайтаруы керек еді. Яғни, бұл қиын процесс еді. Енді бұл ереже жоқ, яғни, кəсіпкерлерді қызықтырады»,-деді Е.Сағадиев.