Үш жылдық бюджет әлеуметтік тапсырмаларды толықтай орындайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлемдік қаржы дағдарысы бірқатар елдердегі экономикалық әлеуетті әлсіреткені белгілі. Осы ретте бұл мемлекеттерде қаржылық тұрақсыздық салдарынан әлеуметтік саладағы міндеттемелерде қиындықтар байқала бастады. Жұмыссыздық деңгейінің артуы, жәрдемақылар мен зейнетақы төлемдері тұрғысында индекстеу шараларының қамтылмауы бірқатар ауыртпалықтарды тудырғаны аян.
None
None

Өткен айдың аяғында елімізде үш жылға арналған республикалық бюджет Заңы бекітілді. Осы ретте Парламент Мәжілісінде бюджетті талқылау кезінде ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов 2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет шығыстарының басым үлесі әлеуметтік салаға тиесілі екенін атап өтті. Бұл тұрғыда әлеуметтік төлемдерді индекстеу ескерілген.

Жылпы үш жылдық бюджет жобасы ағымдағы жылғы тамыз айында бекітілген еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының бесжылдық болжамы негізінде әзірленген. 

«Республикалық бюджет шығыстарының жалпы көлемінде 2017 жылы 41,7 пайыздан 2019 жылы 49 пайызға дейін өсіп, ең үлкен үлес әлеуметтік салаға тиесілі. Әлеуметтік қамтамасыз ету және азаматтарға әлеуметтік көмек беру бағыты бойынша жоспарланған кезеңге 7 291,4 млрд. теңге бөлінеді. 2017 жылы  ағымдағы жылға қарағанда 54,5 млрд. теңгеге немесе 2,6 пайызға өсе отырып, 2 082,1 млрд. теңгені құрайды. Сонымен қатар, бюджет жобасында әлеуметтік төлемдерді болжанатын инфляция деңгейіне, ал ең төменгі зейнетақы мөлшерін 9 пайызға индекстеу қарастырылады», деп атап өткен еді Б. Сұлтанов.

Министрдің сөзіне қарағанда, денсаулық сақтау саласын қаржыландыруға бюджет жобасында уәкілетті министрліктің шығыстары шеңберінде 3 189,9 млрд. теңге көзделеді. Оның ішінде 2017 жылы шығыстар ағымдағы жылмен салыстырғанда 226,2 млрд. теңгеге немесе 28,7 пайызға ұлғайып, 1 013,4 млрд. теңгені құрайды. Бұл бағытта тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін сақтай отырып, әлеуметтік медициналық сақтандыруға өту қаралады. Білім беру саласын қаржыландыруға бюджет жобасында 972,9 млрд. теңге көзделеді, оның ішінде 2017 жылы  393,1 млрд. теңге. Мәдениет пен спортты дамытуға алдағы үш жылға шығыстар сомасы 179,3 млрд. теңгені, оның ішінде 2017 жылы  70,2 млрд. теңгені құрайды.

Мемлекет басшысының берген тапсырмаларын ескере отырып, экономикалық өсу мен өнімді жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету мақсатында 2017 - 2019 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы шығыстарының негізгі басымдықтары болып аграрлық секторды үдемелі дамыту, индустрияландыру мен шағын және орта бизнесті дамыту, көлік инфрақұрылымы мен әлеуметтік саланы дамыту көзделген. Мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін орындауға арналған шығыстар толық көлемде қарастырылып, инфляцияның болжанатын деңгейінен оза отырып, зейнетақы төлемдерін ұлғайту қағидаты сақталды.   

Атап айтқанда, 15 желтоқсан күні елордада Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке 2017 жылы зейнетақы көлемін арттыруға қатысты нақты тапсырмалар берді. Алдағы жылы Қазақстанда зейнетақы көлемі 20 пайызға өседі.

«Экономикалық ғажайыптың арқасында біз қазақстандықтардың әл-ауқатын шынайы өсіруге қол жеткіздік. Қазақстан халқының 35 пайызы 1996 жылы кедейшіліктің шегінде қалып қойған еді. Тәуелсіздік жылдары кедейшілік шегінде өмір сүріп жатқан тұрғындардың үлесі 12,5 есеге - 2,5 пайызға дейін қысқарды. Ең дамыған елдерде мұндай көрсеткіш жоқ. Біз Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы бірегей идеясын табысты жүзеге асырып жатырмыз. Бізде жұмыссыздық 2,6 есеге қысқарды. Соңғы бесжылдықта біз жылда орта есеппен 270 мың жаңа жұмыс орнын ашып келеміз. Кейінгі он жарым жыл ішінде орташа еңбекақы мен зейнетақы 10 еседен астамға ұлғайды. Ауылды көтерудің ауқымды бағдарламасы жүзеге асырылды, ауылдықтардың тұрмыс деңгейі өсті. Осы жылдар ішінде біз әлемдік экономикалық дағдарыстарға қарамастан әлеуметтік салаға айрықша назар аудардық. Әлеуметтік шығыстар 25 жылда 26 миллион теңгеден 4,8 триллион теңгеге дейін өсті. Бұл ел бюджетінің 46 пайызы. Біз бұл жұмысты жалғастыра береміз. Үкіметке келесі жылы зейнетақы көлемін 2016 жылдың деңгейіне қатысты 20 пайызға көтеруді тапсырамын. Бұл шара 2 миллион 100 мың қазақстандықты қамтиды. Сондай-ақ бала тууына байланысты бір жолғы мемлекеттік жәрдемақы көлемін 2017 жылғы 1 шілдеден бастап 20 пайызға өсіруді тапсырамын»,-деді Президент.

Әрине, Мемлекет басшысының бұл мәлімдемесінен кейін осы салаға өкілетті ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі ел ішінде тиісті түсіндіру шараларын бастап кетті.

Осы ведомствоның басшысы Тамара Дүйсенованың сөзіне қарағанда,  ҚР Қаржы министрлігімен бірлесіп жүргізілген есепті ескере отырып, базалық және ынтымақты зейнетақы мөлшерін өсірудің қадамдары пысықталды. 2017-2019 жылдарға арналған бюджетке сәйкес, ынтымақты зейнетақының мөлшері 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап 9%-ға, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2017 жылдың 1 шілдесінен тағы да 11%-ға ұлғайтылады. Мәселен, егер ынтымақты зейнетақы мөлшері 2016 жылы 40 000 теңге болса, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап 9%-ға арттырылып, 43 600 теңгені құрайтын болады. 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап тағы 11%-ға ұлғайтылып, жалпы мөлшері 48 396 теңге болады. Осылайша, 2017 жылы ынтымақты зейнетақы мөлшері 2016 жылмен салыстырғанда 20 пайызға ұлғайтылмақ.

«Базалық зейнетақы 2017 жылғы 1 қаңтардан 7%-ға, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2017 жылдың 1 шілдесінен тағы да 13 пайызға ұлғайтылады. Мәселен, ағымдағы жылы егер базалық зейнетақы мөлшері 11 965 теңге болса, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап 7 пайызға арттырылып, 12 802 теңгені құрайды. 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап тағы 13 пайызға өсіп, жалпы мөлшері 14 466 теңге болады. Осылайша, 2017 жылы базалық зейнетақы мөлшері 2016 жылмен салыстырғанда 20%-ға арттырылады»,- дейді Т. Дүйсенова.

Белгілі болғандай, 2,1 миллионға жуық зейнеткердің зейнетақысын арттыру мақсатында республикалық бюджеттен қосымша 79,8 млрд. теңге бөлінбек.  Жоғарыда аталған өзгерістерді ескере отырып, зейнетақының ең төменгі мөлшері (базалық зейнетақыны есептегенде) 2016 жылғы 37 789 теңгеден 2017 жылғы 1 шілдеде 45 711 теңгеге артады. Зейнетақының орташа мөлшері (базалық зейнетақыны есептегенде) 55 154 теңгеден 66 721 теңгеге дейін ұлғаяды деп күтілуде.

Соңғы жаңалықтар