Ұшақ апаты. Ауруханада жатқан қырғызстандықтар Отанына тасымалдауға дайын

АСТАНА. KAZINFORM — Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бүгінгі таңда Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасында 6 пациент, оның төртеуі реанимация бөлімшесінде, екеуі травматологияда емделуде.

дәрігер
Фото: ДСМ

Жағдайларының нашарлауы байқалмайды, 2 пациент тониктер мен медициналық седациядан алынды.

— Дұрыс таңдалған қарқынды терапияның арқасында қырғызстандық пациент травматикалық шоктан кейін есін жиып, туыстарын таныды және қазір Отанына тасымалдауға дайын. Бүгін қырғыз дәрігерлері бар әуе бортының келуі күтілуде. Қырғызстанның тағы екі азаматын және Әзербайжаннан зардап шеккендерді ертең Отанына арнайы борттармен эвакуациялау жоспарлануда, — делінген министрлік таратқан хабарламада.

Ақтау қаласындағы әуежай маңында жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауы салдарынан зардап шеккен 29 адамның 27-сі Маңғыстау облыстық ауруханасына жеткізілген болатын.

Пациенттер әртүрлі жарақаттармен, негізінен бірнеше зақымдармен келіп түскен болатын, бұл жабық ми жарақаты, мидың шайқалуы, кеуде қуысының жабық жарақаттары, травматикалық шок. 

Кеме апатынан кейін 10 минуттың ішінде зардап шеккендерге медициналық алғашқы көмек көрсету үшін Маңғыстау облысының 22 жедел медициналық жәрдем бригадасы және Апаттар медицинасы орталығының 6 бригадасы жіберілген болатын.

Еске салсақ, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Azerbaijan Airlines ұшағы апатқа ұшырады. Ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде бес экипаж мүшесі болған. Оқиға салдарынан 38 жолаушы қаза тапты. Өкінішке қарай, мерт болған жандардың арасында 6 Қазақстан азаматы болған.

Соңғы жаңалықтар