Ұшақ апатынан қаза тапқандарды түрінен тану мүмкін болмады – Ақтаулық криминалист

АҚТАУ. KAZINFORM – Маңғыстау облыстық Полиция департаменті жедел криминалистика барқармасының криминалисі Айбек Әлібаев ұшақ апатынан қаза тапқандардың мүрдесін  таныту тобында жұмыс істеген. Ол 38 адамның мүрдесін туыстарына таныту оңай болмағанын айтады.  

ұшақ апаты
Фото: Аягөз Ізбасарова/Kazinform

- Қаза тапқан 38 адамның туыстары әр елден еліп, таныту жұмыстары жүргізілді. Түрлерінен анықтау мүмкін болмады. Сондықтан туыстарынан сұрай отырып, денелеріндегі ерекше белгілермен іздей бастадық. Меңіне, тыртығына, татуировкасына және алтын тісіне қарап таныды. Туыстарына да өте ауыр болды. Тану кезінде жүрегі шыдамағандарға біздің медицина мамандарымыз көмек көрсетті. Енді апат болмасын, - дейді криминалист Айбек Әлібаев.

Облыстық Полиция департаменті жедел криминалистика барқармасының криминалисі Айбек Әлібаев Президент Жарлығымен Бауыржан Момышұлы атындағы екінші дәрежелі «Айбын» орденімен наградталды. 

ұшақ апаты
Фото: Аягөз Ізбасарова/Kazinform

Бүгін Ақтауда ұшақ апаты болған кезде ерлік көрсеткен тұрғындарға, медицина мамандарына, өрт сөндірушілер мен құтқарушыларға барлығы - 69 адамға Президенттің алғысы жарияланып, мемлекеттік наградалар табысталды. 

ұшақ апаты
Фото: Аягөз Ізбасарова/Kazinform

Солардың бірі, Түпқараған ауданы Аташ кентінің тұрғыны Эльмира Әкібаева ерлігі үшін Президенттің алғысымен марапатталды. Ол ұшақ құлаған кезде әріптестерімен автобуста кетіп бара жатып, көлікті оқиға орнына бұрып, құлаған ұшаққа бірінші жеткен. Жедел жәрдем келгенше жараланғандарды автобусқа отырғызып, алғашқы көмек көрсеткен. 

ұшақ апаты
Фото: Аягөз Ізбасарова/Kazinform

- Құлаған ұшақтан жарақаттанған адамдар шығып жатты. Стюардесса мен борт проводникке көмектесіп, автобусқа отырғыздық. Сосын жарақаттанған қыз бала болды. Үстінде ақ күртешесі бар, 8-10 жас шамасында. Сол қыз баланың айтқан сөздері есімнен кетер емес. «Мені қоя беріңіз, іште анам бар, менің анамды құтқарыңызшы, - деп жылаған дауысы әлі құлағымда. Сол кезде мен қызды анаң тірі деп жұбатуға тырыстым. Балаға психологиялық көмек көрсеттім, - дейді Эльмира Әкібаева.

Бұған дейін, Ақтауда Azerbaijan Airlines ұшағы апатқа ұшырағаны туралы жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар