«Ұшақ бортында қазақ мәзірі неге жоқ?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі 7 маусым, сенбі күні республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

Асқан жанашырлықпен, үнеммен пайдаланбаса судың да сұрауы бар екенін соңғы жылдары жақсы түсіне бастағандаймыз. Баяғыдай «су - тегін» дейтін заман жоқ. Жамбыл жері негізінен көрші Қырғызстан елінен басталатын өзендердің арқасында ағын суын айырып отыр. Былтырғы жылы айыр қалпақты ағайындар аздаған бөлігі шекараның арғы бетінен өтетін «Көксай» каналын жауып тастап, жуалылық диқандарды ыстық күнде ағын сусыз қалдырып, әжептәуір шулатқаны әлі ұмытыла қойған жоқ. Әрине, бастаудың басында кім отырса, суға соның билігі жүретіні рас. Әйтсе де, көзін тапса, арықтағы аз суды еппен, есеппен пайдаланып, суармалы жерлердің көлемін көбейтуге мүмкіндік мол екен. Бұл жайында «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санындағы «Алыстағы ауыл ағын суға қашан қарық болады?» деген тақырыптағы мақалада баяндалған. Басылымның жазуынша, өткен жылы Жамбыл облысында су үнемдеу технологиялары 2,9 мың гектарға енгізілсе, биыл оның көлемін 5,1 мың гектарға арттыру көзделіп отыр. Шу ауданы - облыс өңірінде көрші мемлекеттің су көздеріне бағынышты емес бірден-бір аймақ болып табылады. Бұл ауданда Тасөткел су қоймасы орналасқан. Қазір Шуда - 245 гектар, Қордай ауданында 50 гектар жерді суландыру үшін шетелдік заманауи технологиялар енгізілді. Облыста ирригациялық жүйе мен суармалы егістік жерлерді қалпына келтіру үшін арнайы бағдарлама қабылданған. Ол жүзеге асқанда су үнемдеу технологиясын қолдану 2020 жылға дейін 34,5 мың гектарға жетіп, суармалы жер көлемі 214 мың, ал, 2030 жылы 244 мың гектарға жетеді деп жоспарлануда.

«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі нөмірінде Павлодар облыстық диагностикалық орталығының бас дәрігері Рунар Төлегеновпен арадағы сұхбат « Жаңа заманғы медициналық аппараттармен жұмыс істеу үшін дәрігерлеріміз ағылшын тілін үйренуі керек» деген тақырыппен берілді. Сұхбат барысында ол дәрігерлеріміз батыстың үздік технологияларымен жұмыс жасау үшін, шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасу үшін ағылшын тілін үйренулері қажеттігін баса айтқан. Өйткені үздік технологиялардың тілін тауып адам емдеу қазіргі заман талабы. «Біздің орталыққа күніне 400-ден аса адам келеді. Жылы сөзді, жанына дауа болар емді, мейірімді іздейді. Сол дауаны сыйлап, науқас жанды түсінетін кім? Әрине, дәрігер. Кезінде атақты дәрігер Евгений Чазов диагностикалық орталықтарды құрарда төмен дәрежелі емдеу орындарының сапасын жақсартуды мақсат еткен сияқты. Уақыт өте келе бұл орталықтар халық денсаулығын сақтаудағы көп профильді диагностикалық жүйеге айналды. Бір ғана денсаулық сақтау саласындағы осындай жетістіктер еліміздің өркениетті елдер қатарына қосылуын көздейтін мақсаттарына қол жеткізе бастағанын көрсетеді, соған қуанамын», - дейді ол.

*** «Қазақ дастарқанының мәзірі елімізге келіп-кетіп жатқан өзге ұлттардың өкілдері үшін таңсық ас қана емес, өте дәмділігімен үлкен сұранысқа ие болған. Соған байланысты шығар, әуе кемелерімен жүретін жолаушылардың көпшілігі ұшақ бортында қазақтың ұлттық тағамдары неге ұсынылмайтынын сұрап жатады. Кеше Алматыда «Эйр Астана» әуе компаниясы борт мәзірімен, сусындарымен таныстырып, көпшіліктің көкейінде жүрген осы сұраққа жауап берді», - деп жазады «Айқын» газеті сенбілік санындағы «Ұшақ бортында қазақ мәзірі неге жоқ?» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, «Эйр Астана» әуекомпаниясы бортына алып, қызмет көрсететін жолаушыларына қазақтың ұлттық тағамдарын ұсынғысы-ақ келеді. Бірақ оған кедергі болатын бірнеше себептер бар екен. «Эйр Астананың» алматылық бортта ұсынылатын тағамдар цехының бас аспазы, сингапурлық Рой Энджидің айтуынша, борт мәзірі белгілі бір технологиямен дайындалады екен. «Жолаушылардың талаптары бойынша, діни ұстанымына, диетаға қарап және жас балаларға арнап жасалатын арнайы мәзіріміз де бар. Ал «ет», «қуырдақ» сияқты қазақтың ұлттық тағамдарын әзірлеу және сақтау технологиясы бірқатар қиындықтар туғызады. Бұл тағамдарды пісіріп, дайындаған бетте жеген дұрыс, ал қосымша баптаудан өткізгенде, бұл астар ерекше дәмін жоғалтады. Ал құрт, ірімшік, тағы басқа сүт өнімдерінен жасалатын ұлттық тағамдарды бортқа алуға қазақстандық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдары тыйым салған», - дейді «Эйр Астана» әуекомпаниясының бас аспазы Ричард Хайлэнд.

Осы басылымда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашевпен арадағы сұхбат «Көші-қонға ерекше көзқарас қажет» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген ол: «Соңғы жылдары көші-қон мәселесінде көптеген кемшіліктер мен олқылықтардың орын алғаны рас. Мұның бәрі айналып келгенде көші-қонды бизнеске айналдырған бір оңбағандардың, саладағы әбден асқынған жемқорлықтың нәтижесі еді. Олардың мақсаты - алыстағы ағайынды Атажұртқа тиімді қоныстандыру емес, осы іске мемлекет тарапынан бөлініп жатқан мол қаржыны талан-тараж етіп, өз мүдделеріне пайдалану болды. Бұл мәселеге жауапты адамдар «елдің обалына қалам-ау, көші-қон тоқтап қалса не болады?» деп ойланған жоқ. Соның салдарынан мемлекеттің миллиондаған қаржысы жеке адамдардың жемсауына түсіп, ел үшін ешқандай пайда әкелмеді. Көші-қон мекемелеріндегі қызметкерлер Қытай, Моңғолия, Өзбекстандағы ағайындармен сыбайласып, Қазақстанға көшіп келмеген адамдардың атына рәсімдеп, қаншама қаржыны жеп қойды», - дейді. Оның пайымынша, оралмандар көшін ең алдымен шетелдерде ұйымдастыру қолға алынуы тиіс. Бұған заңдық-құқықтық тұрғыда толық мүмкіндік бар. Яғни «Халықтың көші-қоны туралы» Заңда оралмандар көшін шетелдерде ұйымдастыру Қазақстан елшіліктерінің міндеті екендігі атап көрсетілген. Бірақ бұл жұмысты жүзеге асыру үшін шетелдегі елшіліктерімізге әлі күнге арнайы штат, қажетті қаржы бөлінген емес. Енді осы мәселені бір жүйеге түсіріп, оралмандар көп келетін елдердің Ташкент, Нөкіс, Баян-Өлгий, Бішкек, Үрімжі сияқты қалаларында көші-қонның шағын өкілдіктерін ашуды ойластырған жөн.

*** Қазақстан Республикасы мен МАГАТЭ арасындағы 14 раундықтық келіссөздерден кейін Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің төмен байытылған уран банкін құру туралы келісім қорытынды кезеңге жетті, деп жазады «Казахстанская правда» газеті «В одной «лодке» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, алдын ала болжам бойынша келісімге қол қою ағымдағы жылдың қыркүйегіне жоспарланып отыр. Бұл ақпаратты «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК нысандарына БАҚ өкілдерінің сапары барысында «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ-ның директоры Александр Ходанов та қуаттады.

Соңғы жаңалықтар