Ұшақта айналасындағыларға тіл тигізген бойжеткен жауапқа тартылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әуежайында Куала-Лумпурға ұшатын ұшақта мас күйде айналасындағыларға тіл тигізіп, қол жұмсаған 22 жасар бойжеткенге әкімшілік хаттама толтырылды, деп хабарлайды Көліктегі ІІД баспасөз қызметі.

 Ұшақта айналасындағыларға тіл тигізген бойжеткен жауапқа тартылды

«8 мамыр күні сағат 00.55-те Алматы қалалық әуежайының Желілік полиция бөліміне Air Astana әуе компаниясының өкілінен 12-нші тұрақта «Алматы-Куала-Лумпур» рейсіндегі ұшаққа отырғызу кезінде мас күйіндегі жолаушы анықталғаны жөнінде хабарлама келіп түсті. Ол дөрекілік танытып, ескертулерге құлақ аспаған, жолаушылар мен борттағы жолсеріктерді балағаттаған», делінген хабарламада.

Аталған жолаушының 1994 жылғы Қырғызстан Республикасының азаматшасы екені анықталды. Аталған әкімшілік құқық бұзушылыққа сәйкес, полиция қызметкерлері оны рейстен түсіріп тастады.

Көлік полицейлері ұсталған азаматшаның үстінен 2 бап, яғни, ҚР ҚК «Әуе кемесінде мінез-құлық қағидаларын бұзу» және «Алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға мас күйде келу» бойынша әкімшілік хаттама толтырды.

Еске сала кетсек, «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасының барысында әртүрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін 789 құқық бұзушы жауапкершілікке тартылды. Іздеуде жүрген 1 қылмыскер ұсталды.