Ұшақта жолаушыларды балағаттаған британдыққа айыппұл салынды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Көлік полицейлері «Лондон - Нұр-Сұлтан» бағытындағы әуе рейсінен әкімшілік құқықбұзушылық жасаған 24 жастағы Ұлыбритания азаматына айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Нұр-Сұлтан қаласы әуежайындағы желілік полиция кезекші бөліміне «Эйр Астана» АҚ өкілінен «Лондон - Нұр-Сұлтан» бағытындағы әуе кемесінде құқық бұзушы бар екендігі туралы хабарлама келіп түсті. Көлік полицейлерімен тексеру барысында 24 жастағы Ұлыбритания азаматы анықталды. Ер адам әуе кемесінде болу ережесін бұзғаны, яғни жолаушылар мен бортсеріктерді балағаттағаны үшін әуе кемесінен түсірілген. Бортсеріктің жазбаша ескертуіне жолаушы өзін дөрекі ұстап өзінің ағылшын тілінде оқи алмайтынын айтып, басқа жолаушыларды қорлап, ұшақ бортында ешкімге құлақ аспай, қауіпсіздік ережесін сақтамай қарсылық көрсеткен. Оған қоса құқықбұзушы жандалдасып, бортсеріктердің ескертулеріне ерегесе жауап беріп, олардың қызмет көрсетулеріне кедергі келтірген», - делінген Көліктегі полиция департаменті баспасөз кызметінің мәліметінде.
Бұдан кейін аталған азаматтың үстінен ҚР ӘҚБтК 566-бабының 1- тармағы бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, әуе кемесіндегі жол жүру ережелерін бұзғаны үшін Ұлыбританиялық жолаушыға 3 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар, аталған азаматтың үстінен ҚР ӘҚБтК 434-бабы бойынша тағы бір әкімшілік іс қозғалды - «Ұсақ құқықбұзушылық».
Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен 5 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.