Ұшақта жолаушыларды дүрліктірген жыланды стюардесса ұстаған
АСТАНА. ҚазАқпарат - АҚШ-тағы Аляска штатында Аниак қаласынан Анкориджге бағыт алған ұшақта жұртты дүрліктірген жылан ұсталды. Бұл туралы KTVA хабарлады.
Жолаушылар ұшқаннан соң орындық астында оралып жатқан жыланды көрген. Олар дереу бұл жайлы экипаж мүшелеріне хабарлайды.
Жетіп келген стюардесса оны ұстап алып, қоқысқа арналған пластикалық пакетке салған. Көргендердің айтуларынша, әйел еш саспастан, абыржымай әрекет еткен.
Әуекомпаниясы өкілінің мәлімдеуінше, бауырымен жорғалаушыны ұшақ бортына жолаушылардың бірі алып өткен. Оның ұзындығы бір метрден астам. Жыланның қандай түрі екендігі әзірге айтылмай отыр.