Ұшақтарды құстардан кім қорғайды: Қазақстан әуежайларында арнайы мамандар бар ма

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан әуежайларында құстарды бақылау және ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы қызмет ұйымдастырылады немесе осы жұмысқа жауапты мамандар тағайындалады. Бұл туралы Қазақстанның авиациялық әкімшілігі Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.

құстар
Фото: pexels.com

Ведомствоның түсіндіруінше, мұндай жұмысты ұйымдастыру тәртібі әуежайдың көлеміне, күрделілігіне, ұшу қарқындылығына және құстармен соқтығысу қаупінің деңгейіне байланысты айқындалады.

– Осыған байланысты әуежайда арнайы қызмет ұйымдастырылады немесе орнитологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жауапты мамандар тағайындалады. Аталған қызметкерлер бастапқы және мерзімді даярлықтан өтуге тиіс. Олар ұшу қауіпсіздігін орнитологиялық қамтамасыз ету талаптарын, әуеайлақта жұмыс істеу кезіндегі қауіпсіздік ережелерін және радиобайланыс қағидаларын білуі қажет, - делінген жауапта.

Мәселен, Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында орнитологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін арнайы қызмет бар. Оның құрамында қызмет басшысы мен алты орнитолог жұмыс істейді. Олар әуежай аумағындағы құстардың қозғалысын тәулік бойы бақылап, ұшу-қону жолағы мен оған жақын жерлерді тексереді.

Әуежайдың Kazinform агенттігіне берген жауабына сәйкес, мамандар тексеру уақытын және жүретін бағытын әдейі өзгертіп отырады. Бұл құстардың олардың әрекетіне үйреніп кетпеуі үшін қажет.

Сонымен қатар мамандар әуежайдың жұмыс ерекшеліктерін меңгеріп, құстардың қауіпті шоғырлануы анықталған жағдайда қандай әрекет жасау керектігін білуге міндетті.

Осылайша, әуежайларда орнитологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары арнайы ұйымдастырылған қызметке немесе осы міндет жүктелген мамандарға тапсырылады.

Елімізде ұшақтар көбінесе қандай құстармен соқтығысатынын жазған едік.