«Ұшатын көліктер» дәуіріне дайындық: Жаңа қағидалар әзірленді
АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде озық әуе мобильділігі қағидалары әзірленді. Құжат ашық-нормативтік актілері порталында жарияланды.
Көлік министрлігінің мәліметінше, қағидалар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне цифрландыру, дербес деректерді қорғау, жол жүрісі және көліктегі озық технологияларды реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңын іске асыру мақсатында әзірленген.
Қағидалар озық әуе мобильділігінің қатысушыларын, олардың қызметін ұйымдастыру қағидаттары мен жалпы талаптарын айқындайды.
Қалалық әуе мобильділігі пайдаланушыларына, вертипорт пайдаланушыларына және техникалық қызмет көрсету жөніндегі ұйымдарға қойылатын талаптарды белгілейді.
Озық әуе мобильділігіне жіберілген әуе кемелеріне, оларды пайдалануға жіберу және ұшуға жарамдылығын сақтау тәртібіне қойылатын талаптарды бекітеді.
Ұшуларды ұйымдастыру және орындау, әуе кеңістігін пайдалану тәртібін нақтылайды.
Инфрақұрылым объектілеріне, оның ішінде вертипорттарға, ұшып-қону алаңдарына және зарядтау инфрақұрылымына қойылатын талаптарды, ұшу қауіпсіздігін басқару жүйесіне, авиациялық персоналды даярлауға және оның біліктілігіне қойылатын талаптарды белгілейді.
Айта кетейік, Қазақстан Президентінің Корея Республикасына мемлекеттік сапары аясында Қазақстанда қалалық әуе мобильділігі (UAM), ұшқышсыз авиация және төмен биіктіктегі әуе кеңістігін цифрлық басқару технологияларын дамыту бойынша жаңа уағдаластықтарға қол жеткізілді.