Үшемді дүниеге әкелген астаналық әйел Ана мен бала Ұлттық ғылыми орталығынан ертең үйіне шығады

None
None
АСТАНА. 4 наурыз. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Үшемді дүниеге әкелген бақытты ана ертең Ана мен бала Ұлттық ғылыми орталығынан үйіне шығады.

Астана қаласының тұрғындары Елтай мен Сағилаш Серікбаевтар отау құрғалы 16 жыл болса-дағы, осы уақытқа дейін перзент сүйіп көрмеген. Ал үстіміздегі жылғы 29 қаңтарда 36 жастағы С.Серікбаева дүниеге бірден үш сәбиді алып келді.

Агенттік тілшілеріне сұхбат берген үшемнің әкесі Елтайдың айтуынша, араға бір минут салып дүние есігін ашқан нәрестелердің біріншісі қыз бала болды. 1,350 гр. салмақпен туылған оның есімін ата-анасы Айша деп атады. Салмағы 1,225 гр. болып туылған екінші қыздың есімі Айя болса, салмағы 1,450 гр. болып өмірге келген кенже ұлға - Әли есімі берілді.

Ана мен бала орталығы нәрестелерді күту бөлімінің неонатолог дәрігері Мария Афанасьеваның айтуынша, ана мерзімінен бұрын босанғандықтан, сәбилер бірнеше күн жан сақтау бөлімінде жатты. «Қазір балалардың денсаулығы - қанағаттанарлық, ертең үйлеріне шығарамыз», - деді ол.

Дәрігердің сөзіне қарағанда, Ана мен бала орталығында үшемдер жиі дүниеге келеді. Себебі, бірден үш құрсақ көтерген өзге облыстардағы әйелдер осы орталыққа жолданады. Әр өңір өз аймағында туған үшемдерге өздерінше құрмет көрсетіп, көңіл-ілтипаттарын білдіреді. Елордалықтар да жерлестерінің бұл қуанышына ортақтасуда.

Соңғы жаңалықтар